Қамаудағы Михаил Саакашвили саясаттан кететінін мәлімдеді

Грузия экс-президентінің адвокаты Валерий Гельбахиани Саакашвили саясаттан кетіп, өзі негізін қалаған "Біртұтас ұлттық қозғалыс" партиясынан шығуға ниетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Рaryz.kz  ulysmedia.kz  сілтеме жасап.

Қамаудағы Михаил Саакашвили саясаттан кететінін мәлімдеді
Фото: rbc

“Бұл туралы ой онда біраздан бері жүрген секілді, бірақ оны жария етуге ешкім мүмкіндік бермеді, өйткені қоғам күтпеген жайт болған соң, бұлай болғанын ешкім қаламады. Ал қазір ешкімге қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін мәлімдеп отыр. Оның саяси ресурсы түгесілді, оның күнтәртібі мен міндеттері де өзгерді. Оның қазіргі басты міндеті - денсаулығына қарау, ықтимал қауіптің, өлімнің тырнағына ілінбеу”, – дейді оның адвокаты.

Сонымен қатар ол Грузияның бұрынғы басшысының саясатқа мүлдем мұршасы жоқ екенін атап өтті, өйткені бұл арада Саакашвилидің өмірі мен денсаулығы туралы мәселе алдыңғы қатарға шығып отыр.

2013 жылы Грузияның экс-президентіне қарсы төрт қылмыстық іс қозғалды. Олардың екеуі бойынша саясаткер сырттай үш және алты жылға бас бостандығынан айырылды.

2007 жылғы 7 қарашадағы оппозиция митингісін тарату, "Имеди" грузин телекомпаниясының кеңсесін талқандау және 9 млн лари (1 млрд теңгеден астам) көлеміндегі мемлекеттік қаражатын талан-таражға түсіру бойынша істер қаралуда.

Өткен жылдың 20 қазанында Саакашвилиге шекараны заңсыз кесіп өтті деген айып тағылды, бұл жағдайда ол бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.