"Ресей мен Батыс ортасында қалған" Нұр-Сұлтан және Вашингтонның Қазақстанға ескертуі

Батыс басылымдары бұл аптада Ресей мен Батыстың арасында баланс ұстағысы келген Қазақстан «тұзаққа түсіп қалғанын» жазды. Сонымен қатар қанды Қаңтар, Таулы Бадахшандағы қантөгіс пен Қарақалпақстандағы оқиғалардың қандай ортақ тұстары бар екенін талдады. Одан бөлек Вашингтон Ресей санкцияларына байланысты Орталық Азия елдеріне қандай ескерту жасағанына тоқталды деп жазады Рaryz.kz  Аzattyq.org сілтеме жасап.

"Ресей мен Батыс ортасында қалған" Нұр-Сұлтан және Вашингтонның Қазақстанға ескертуі
ашық дерек көздерінен

"РЕСЕЙ МЕН БАТЫС ОРТАСЫНДА ҚАЛҒАН ҚАЗАҚСТАН"

Қазақстан өзін оқшауда қалған Ресей президенті Путин үшін жақсы көрші әрі тиімді серіктес әрі өзге әлемге де ашық ел ретінде көрсетуге тырысып жатыр. Бірақ Мәскеу мен Батыс арасында геосаяси шиеленіс күшейіп жатқандықтан, елге екі тарапты тең ұстау қиын болмақ. Politico басылымындағы талдауда Гарвард университетінің Ресей және Еуразияны зерттеу жөніндегі Дэвис орталығының аға ғылыми қызметкері Наргиз Касенова осындай пікір білдіреді.

Сарапшы Батыс пен Ресейдің арасында баланс ұстау қиын екені жақында президент Тоқаев Еуроодақ басшыларына энергетикалық дағдарысты еңсеруге Қазақстан көмектеседі деп мәлімдеген соң әйгіленді дейді. Мәлімдеменің ертесінде Ресейдегі Новороссийск соты Қазақстан мұнайын тасымалдайтын Каспий құбыр консорциумының жұмысын бір айға тоқтата тұру туралы шешім шығарды. Бұған «консорциумның апат кезінде төгілетін мұнайды жою жоспары жөніндегі құжаттарының дұрыс еместігі» себеп болған. Осы оқиғадан кейін Тоқаев үкіметтің шұғыл отырысында Ресейді айналып өтетін Транскаспий дәлізін дамытуға басымдық беруді тапсырған соң, Ресей соты құбыр жұмысын тоқтату туралы шешімін айыппұлға ауыстырды. Мақала авторы сот шешімін бұлай өзгерту және бұған дейін құбыр жұмысын наурыз және маусым айларында тоқтатудың саяси астары болуы мүмкін, бұған Батыс пен Ресейдің Украинадағы соғысқа байланысты санкция текетіресі себеп болуы ықтимал деп жазады.

Касенованың пікірінше, Тоқаевтың Санкт-Петербург экономикалық форумына баруы Путинмен ынтымақтастығын көрсетсе де, жиын кезінде екеуінің келіспейтін тұстары бар екені көзге түсті.

«Путиннің Ресейі өз саясаты мен экономикасын оқшаулап жатқанда, жас Қазақстан елі ашық болуға бел байлады, сондықтан бұл шиеленіс алдағы апталар мен айларда да жалғаса бермек», − дейді мақала авторы.

Зерттеушінің пайымдауынша, Қазақстанның алдағы уақытта Ресейге қарсы санкцияларды сақтап, Батыспен қарым-қатынасын күшейтуге тырысуы Мәскеудің ашуын тудыруы мүмкін. Дегенмен Қазақстан Ресей мүддесін ескеруге тырысса, ел екінші реттегі санкцияларға ілінуі ықтимал.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және Ресей басшысы Владимир Путин Санкт-Петербург экономика форумында. 17 маусым 2022 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және Ресей басшысы Владимир Путин Санкт-Петербург экономика форумында. 17 маусым 2022 жыл.

Геосаяси тұзаққа түсіп, қиын кезеңді бастан өткеріп жатқан, кедейшілікке ұрынған Ресей бүкіл аймаққа теріс әсерін тигізеді. «Қазір Қазақстан сыртқы саясатты қайта кесіп-пішу арқылы теріс әсерді шектеуге тырысып жатыр. Сонымен қатар ел жаңа мүмкіндіктерді зерттеп жатыр».

Бұл ретте зерттеуші Тоқаевтың Санкт-Петербургте «Еуразия экономика одағы Таяу Шығыс және Азия нарығына қатысты барынша белсенді сауда саясатын жүргізуі керек, Қазақстан мұндай жағдайда дәнекер нарық бола алады» деген мәлімдемесін келтіреді. Сондай-ақ Тоқаев Еуразия экономика одағы мен Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы арасында байланысты күшейткісі келеді.

Мақала авторы Қазақстан сауда дәліздерін қайта бағдарлау арқылы пайда табуды көздейді, бірақ Ресей де одан пайда көреді дейді. Қазақстан өзін осылайша саудаға ашық ел, жақсы көрші және тиімді серіктес ретінде көрсеткісі келеді.

«Қазақстан баланс ұстай алуы үшін барлық негізгі ойыншылардың қолдауы керек, ал бұл оңай дүние емес, дегенмен игі ниет болған жағдайда мүмкін нәрсе».

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА ҚАНТӨГІСКЕ ҰЛАСҚАН ОҚИҒАЛАРДЫҢ ОРТАҚ ТҰСТАРЫ

Орталық Азияны зерттеуші, белгілі журналист Брюс Панниер Eurasianet басылымындағы мақалада биыл Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстанда қантөгіске ұласқан наразылықтардың ортақ тұстарын талдайды.

Қазақстанда Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйытылған газ бағасының өсуіне қарсы басталған наразылық елдің басқа өңірлеріне жайылды. «Ресми дерек бойынша, Қазақстанда Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапты, мыңдаған адам ұсталды, көптеген адам әлі де қамауда, кейбір адамдар азапталды».