Түркістан облысында қызғаныштан әйелін өлтірген ер азамат сотталды

Түркістан облысындағы Сауран ауданында тұратын ер кісі азаматтық некедегі әйелін қызғаныштан өлтіріп қойды. 41 жастағы тұрғын отбасылық жанжалдан кейін тапаншамен әйелінің басынан атқан, деп хабарлайды Paryz.kz, Nur.kz-ке сілтеме жасап. 

Түркістан облысында қызғаныштан әйелін өлтірген ер азамат сотталды

Қылмыс жасаған ер кісіге сот үкімі шықты.

Оқиға қаңтардың 10-ында күндізгі сағат 14.30-дар шамасында Түркістан қаласында болған. Сауран ауданындағы Қаражон ауылының тұрғыны 34 жастағы келіншекпен мұсылмандық некеде тұрған.

Ер кісі мен әйел танысқан кезде келіншектің бірінші күйеуінен 16, 15 және 2 жастағы балалары болған. Марқұм әйел балаларының тәрбиесі үшін бұрынғы күйеуімен байланысты үзбепті. Алайда оны азаматтық некедегі күйеуі түсінбеген. Келіншек мән-жайды қанша түсіндірмек болғанымен, ер кісі қызғанышын тоқтата алмаған.

Оқиға болған күні Сауран ауданының тұрғыны әйелі жұмыс істейтін базарға барып, жанжал шығарады. Ал түске қарай келіншек тұратын пәтерге келген. Қолында 16 калибрлі шолақ мылтық болған.

Азаматтық некедегі ерлі-зайыптылар пәтерде де жанжалдасады. Ашуға булыққан еркек қолындағы қарумен әйелдің басынан атқан. Келіншек оқиға орнында мерт болды.

Ер кісі тергеу кезінде азаматтық некедегі келіншегін қатты жақсы көргендіктен, қызғанып осындай қадамға барғанын айтқан. Алайда ол әйелін өлтіруді ойламаған, бар болғаны мылтықпен қорқытпақ болыпты.

Жантүршігерлік оқиғаға қатысты қылмыстық іс Түркістан облыстық мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Облыстық соттағылардың мәліметінше, ер кісі сот отырысы кезінде жасаған ісіне өкінген және оның кінәсі дәлелденген.

"Сотталушы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен (Адам өлтіру) кінәлі деп танылып, оған 18 жылға бас босатындығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол бұл жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өтейтін болады. Сот үкімі заңды күшіне енді",-деді облыстық соттағылар.