Елордалық алаяқтар тұрғындарды 600 миллион теңгеге алдаған

Нұр-Сұлтанда кәсіпкер алаяқтарға 100 миллион теңге беріп, алданып қалған, деп хабарлайды Paryz.kz, Halyq-uni.kz-ке сілтеме жасап. 

Елордалық алаяқтар тұрғындарды 600 миллион теңгеге алдаған
Сурет: ашық дереккөз

Полиция басқармасы алаяқтық дерегінің жиілеп кеткенін ескертеді. Бүгінде полиция қызметкерлері алаяқтықтың 200 дерегін тергеп жатыр. Тұрғындарға келген шығын көлемі 600 миллион теңгеден асады. 

Ведомство мәліметінше, биыл мамырда бір топ алаяқ кәсіпкерді 100 миллион теңгеге сан соқтырған.

Жәбірленуші белгісіз адамдар оған қоңырау шалып, өзін прокуратура қызметкерлері ретінде таныстырғанын айтты. Олар Ұлттық банкімен бірлесіп, оның атына кредит рәсімдеуге тырысып жатқан алаяқтарды әшкерелеу бойынша іс-шаралар өткізіп жатқанын хабарлаған. Әңгіме барысында алаяқтар кәсіпкердің барлық жинағын шешіп алуға, әрі қаражатты терминал арқылы резерв шоттарға жіберуге көндірген. Осылайша, жәбірленуші алаяқтарға 100 миллионнан аса теңгесін берген. Ол алданып қалғанын бірнеше күннен соң түсінді, - деп жазылған хабарламада.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктіні ұстап, қамауға алды. Бүгінде бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Тәртіп сақшылары интернет-алаяқтардың құрбаны болмас үшін келесі сақтық шараларын ұсынады:

  •  Құқық қорғау органдары немесе банк қызметкерлерінен қоңырау түссе, банктің ресми телефондарына немесе «102» нөміріне хабарласыңыз;
  •  Сізге белгісіз адам қоңырау шалса, ешқандай жағдайда SMS-кодты бермеңіз! Әңгімені тоқтатып, банктегі call-орталыққа хабарласып, ақпаратты нақтылаңыз;
  •  Мобильді банкинг қосымшаларына күрделі құпиясөзді (пароль) орнатыңыз. Оны өзгертіп отырыңыз.