"Қылқындырып, аузын жапқан": Лифтіде балалы әйелді зорламақ болған жігіттің ісіне қатысты деректер

Шымкентте 25 мамыр күні таңғы сағат 9-дар шамасында жас жігіт лифтіде зорламақ болған жүкті келіншек оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Paryz.kz, Экспресс К-ға сілтеме жасап. 

"Қылқындырып, аузын жапқан": Лифтіде балалы әйелді зорламақ болған жігіттің ісіне қатысты деректер
Сурет: Exk.kz

22 жастағы күдікті өзіне тағылған айыппен келіспей отыр екен. Ал жәбірленуші тергеу амалдарының тиісті деңгейде өтетініне күмәнмен қарайды. Өйткені тергеушілер оған мұндай іс бойынша алғашқы және соңғы жәбірленуші емессің деп, күту керектігін айтыпты.

Үшінші перзентіне аяғы ауыр келіншек оқиға болған күнді қорқынышпен еске алады. Ол тұңғыш ұлын балабақшаға шығарып салып, жолда сүт алу үшін дүкенге кірген. Кенеттен бейтаныс жас жігіт артынан аңди бастаған. Ешнәрсеге мән бермеген ол подъезге кіріп, кейін лифт шақырады. Жас жігіт оның артынан қалмаған. Лифт есігі тарс жабылғанда күдікті оған тап берген. Алдымен оң қолымен қылқындырып, аузын жапқан. Бұл кезде келіншек "өзі жүкті екенін, балалары барын" айтып өзіне тиіспеуін өтініп сұранған екен. Алайда күдікті оған еш құлақ аспаған. Екінші қолымен денесін сипап, зорлау әрекеттерін жасамақ болыпты. Осы сәтте лифт есігі ашылып, қолында баласы бар келіншек шығып үлгерген.

Ары қарай көршілері көмекке келіп, полиция шақырады.

Тұрғын үйдегі бейнебақылау камерасында жас жігіттің өзге де әйелдің соңынан аңдып, лифтке бірге кіргенін көруге болады. Тіпті оны пәтеріне дейін аңдыған. Үйінде туыстары барын білген соң жігіт кері қайтқан.

Тергеу кезінде күдікті зорлауға оқталмадым деп түсінік беріпті. Бар ойы келіншектің қолындағы қымбат телефонын тартып алмақ болған. Алайда өзіне ыңғайлы сәтті күткен ол арам пиғылын лифтіде жүзеге асырмақ болыпты.

Жүкті келіншек лифт есігі дер кезінде ашылмағанда жағдай тіптен қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін еді деп отыр.

"Ешқандай тонау әрекеті болған жоқ. Ол мені зорламақ болды. Егер лифт есігі уақытылы ашылмағанда мені зорлап, тіпті тұншықтырып өлтіріп қояр еді. Еске алудың өзі қорқынышты. Әлі күнге дейін аяқ-қолым дірілдеп, үреймен жүрмін. Балаларым үшін де алаңдаймын. Өте сезімтал болып, жүйкем сыр берді. Құрсақтағы сәбиім үшін алаңдаулымын. Осы жағдайдан соң дәрігерлер қабылдауында болдым. Олар қатты қорқып қалғандықтан іштегі баланың өміріне де қауіп төнуі мүмкін екенін айтты",—деді келіншек.

Полицейлердің көзінше жәбірленушімен беттескен кезде күдікті өзіне тағылған айыппен келіспеген. Масаң күйде болған ол келіншектің қолындағы қымбат телефонға қызығып, соны тартып алмақ болдым депті. Тіпті жәбірленушіден кешірім де сұрамаған. Ал оның туыстары жүкті келіншекке қайта-қайта хабарласып, кешірім беруін өтініп жатыр екен. Осы оқиғадан кейін жігіттің анасының денсаулығы күрт нашарлап кетіпті.

Жақында ғана әскерден келген күдікті еш жерде жұмыс істемейді. Шымкент тұрғыны.

Жүкті келіншектің тергеу амалдарына көңілі толмай отыр. Ол бұл іс ертерек аяқталып, кінәлі тиісті жазасын алуын қалайды.

"Меніңше тергеу амалдары созылып жатыр. Өйткені экспертизадан бүгін ғана өттім. Тергеушілер сіз мұндай оқиға басынан өткен алғашқы және соңғы жәбірленуші емессіз деп кесіп айтты. Мен бәрі ертерек біткенін қалаймын. Іс тезірек сотқа өтіп, ол тиісті жазасын алса деймін",—деді жәбірленуші.

Шымкент қаласы, Қаратау аудандық Полиция басқармасының тергеу бөлімі бастығының орынбасары Аянхан Омаров күдіктінің үстінен екі бап бойынша іс қозғалып отырғанын айтты.

"Күдікті сот санкциясымен екі ай қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеу изоляторында жатыр. Бұл іс сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің 120-бабының 1-бөлігі (еркінен тыс жолмен табиғи түрде жыныстық қатынасқа түсу) және 24-баптың 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу немесе оқталу) бойынша тіркелді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды",—деді тергеу бөлімі бастығының орынбасары.