Жамбыл облысында ажырасқан әйел жасауын қайтару үшін сотқа жүгінді

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының сотына жүгінген әйел өзінің жасауын бұрынғы күйеуінен алып беруді өтінген, деп хабарлайды Paryz.kz, Nur.kz-ке сілтеме жасап. 

Жамбыл облысында ажырасқан әйел жасауын қайтару үшін сотқа жүгінді

 Нәтижесінде дау бітімгершілікпен шешілген. Бұл туралы облыстық сот ресми сайтында хабарлады. Соттың мәліметінше, 2021 жылғы маусым айында бойжеткен жауапкермен мұсылманша неке қидырған. Тойдан кейін қалыңдықтың төркіні жасау әкелген.

Алайда арада келіспеушіліктер болып, ерлі-зайыпты ажырасып кеткен. Дегенмен ер адамның туыстары қыз жасауын қайтарудан бас тартқан, сондықтан келіншектің сотқа жүгінуіне тура келген. Істі қарау барысында сот екі тарапты бітімгершілікке шақырған. Ал жауапкермен мүлікті өз еркімен қайтару туралы келісім жасалған. Жасауды қайтаруға 14 сәуірге дейін уақыт берілген. Медиациялық келісімді бекіту туралы сот ұйғарым заңды күшіне енді. Еске сала кетсек, бұған дейін Теміртау тұрғыны ажырасқаннан кейін өзі берген қалыңмалды қайтаруды талап етіп, сотқа жүгінгенін жазған едік. Қалалық соттың үкімімен ер адам бұрынғы әйеліне мүлкін қайтарса, келіншек қалыңмалдың бір бөлігін қайтаруға міндеттелген болатын.