"Артық емес": Тұрсынбек Қабатовтың жары әншілікке бет бұрды

Отандық танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жары әншілікке бет бұрды. Мөлдір Мұқанова анасына аса әсерлі ән арнап шығарды. Ол көпшіліктен өзінің тырнақалды туындысына баға беруді сұрады, деп хабарлайды Paryz.kz, Nur.kz-ке сілтеме жасап. 

"Артық емес": Тұрсынбек Қабатовтың жары әншілікке бет бұрды
Сурет: Instagram @moldir.mt

Мөлдір Мұқанова жаңа ән жазып шығарғанын Instagram парақшасында жария етті. Өнер иесі "Ең қымбат адам ол - анаң" өлеңін қалың көпшілікке ұсынды. Қабатовтың келіншегі бұл ән арқылы анасына деген сағынышын жеткізгенін айтты.

"Анаға деген махаббат, анаға деген құрмет, сағыныш қанша әнге қосып жырласаң да артық емес қой. Пенде болған соң "көңілдің кейбір кездері" болады. Балалық шағың, анаң, әкең, бауырларыңмен өткен қызық шақтар кассета сияқты көз алдыңа келіп, тіпті сол шақтың иісі де оралғандай болады. Тіпті әке-шешеміздің мейірлене қараған көзқарасына дейін көз алдыңа келеді ғой, шіркін! Сондай сәттерде ара-тұра көзімізді бір сығып алатынымыз бар. Мен бұл сәттерді "көңілдің кейбір кездері" деп айтамын, мұндай сәттердің бізді қайта бала шаққа оралта алатын қасиеті бар. Бұл ән де балалық көңілдің, жүректің қалауы. Бұл әнді тыңдаған сайын сондай бір сағынышым, мауқым басылғандай күй кешемін", - деп жазды ол.