Белгілі әнші Мейрамбек Беспаев «Сәлем, Папа» жобасында балалық шағы, ата-анасы туралы айтты.
Өнер иесі бала күнінде ата-әжесінің тәрбиесінде өскенін, сондықтан әке-шешесінің кім екенін білмегенін жасырмады.
«Балалық шағым Жамбыл облысының Талас ауданында өтті. Ол кезде заман сондай ма, ата-әженің баласы болдық. Әке-шешем маған аға-әпке сияқты еді. Олар қалада тұрды. Мен ата-әжеммен ауылда тұрдым. Әке-шешемнің солар екенін естігенде қатты таңғалдым. Оған дейін мені әжем туған деп ойлап жүріппін. Мектепке баратын кезде әкемнің атамнан жалынып сұрап алғаны есімде. «Қаланың өмірін көрсін, мектепке барады» деген соң, атам рұқсатын берді. Екі әкенің тәрбиесін көрдім деп айта аламын. Өнердегі әкем – Алтынбек Қоразбаев. Ол кісі де әкемдей қамқорлық жасады», – дейді әнші.
Сондай-ақ өнер иесі ата-анасының қандай адам екенін әңгімеледі.
«Әкемнің мінезі ақкөңіл, әзілге жақын. Ортасын жадыратып, күлдіріп отыратын. Шешем – салмақты, көп сөйлемейтін адам. Мен екеуінің де қасиетін теңдей бойыма сіңіргенмін. Салмақтылығым да, әзіл айтып күлдіріп отыратыным да бар. Балаға әкенің өсиеті мен берген тәлімі өте маңызды. Қазақ әкені асқар тауға теңейді. Бүгінде балаларыма жақсы әке болуға тырысамын. Мен бала күнімде «Бозторғай» деген әнді айтқанмын. Жетім баланың зары мен мұңын суреттейді. Сол кезде Алтынбек көкем жетімдер үйіне алып барған. Әнді түсініп айтсын деген ниеті болуы керек. «Мына балалардың әкесі де, шешесі де жоқ» дегенде, «Өмірде әке-шешесі жоқ балалар да болады екен ғой» деп қатты таңғалғаным бар», – дейді әнші