14.06.2024, 16:55

СҚО-да тұтас бір отбасы тамақтан уланып, екі бала көз жұмды

фото: Юрий Мальцев

Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылда бір отбасы тамақтан уланып ауруханаға түсіп, 2 бала қайтыс болды. Дәрігерлер әйел мен тағы бір баланың өмірі үшін күресіп жатыр.

Қайғылы оқиға Қызылжар ауданының Надежка ауылында болған. Ол жерден 1996 жылы туған әйел және оның 2014, 2017, 2021 жылдары туған балалары Петропавл облыстық ауруханасына жеткізілді. Кейін 2 бала – 3 жасар ұл және 6 жасар қыз қайтыс болды.

СҚО ПД баспасөз қызметі бұл дерек бойынша «Абайсызда адамдардың жаппай улануына және екі адамның өліміне әкеп соққан санитарлық ережелер мен гигиеналық нормаларды бұзу» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

Отағасы содан бір күн бұрын үйіндегілердің ауылдағы дүкеннен сатып алған тұшпараны жеп, кола ішкенін айтты.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті сынамалар алынып, зертханаға жіберілгенін хабарлады.