ШҚО-да ауылдағы әйел мен баласына қасқыр шапты

Ветеринарлар жыртқыштың басын зертханаға жөнелтіпті. Қандай да бір ауру анықталуы мүмкін дейді. Олардың айтуларынша, сұр қасқыр ешқашан адамға шаппайды...

ШҚО-да ауылдағы әйел мен баласына қасқыр шапты
фото: inform.kz

Шығыс Қазақстандағы Маралды ауылының тұрғындарына түз тағысы шабуыл жасады. Жыртқыш аңнан жәбір көрген ана мен бала қазір аудандық ауруханада жатыр, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Әсем Бексұлтанова сол сәтті әлі қорқынышпен еске алады. Ит үрген соң қорадағы малды қарау үшін ұлы екеуі сыртқа шыққан көрінеді. Қорадан атып шыққан қасқыр әуелі әйелге тап берген.

"Қасқыр менің қолыма жармасты. Ұлыма үйге қаш деп айқай салдым. Бірақ ол маған көмектесем деп жүгірді. Сол сәтте жыртықыш аң Жігерге тап берді. Біздің айқай-шуды естіген көршілер мен күйеуім шықты. Көкжал оларға да шапты. Күйеуімнің қолында айыр болған еді. Сонымен шаншып тастады", - дейді ШҚО Маралды ауылының тұрғыны Әсем Бексұлтанова.

Ветеринарлар жыртқыштың басын зертханаға жөнелтіпті. Қандай да бір ауру анықталуы мүмкін дейді. Олардың айтуларынша, сұр қасқыр ешқашан адамға шаппайды. Тек дертке шалдыққаны ғана кісі талап, ауыл маңын аңдуы мүмкін деседі. Түз тағысынан зардап шеккендер түн ортасында аудандық ауруханаға жеткізілген. Анасының қолы, ұлының аяғынан қасқыр тістеген. Қазір олар дәрігерлердің бақылауында.

"Әсем мен оның баласының қолтығы мен аяғы жараланған. Біз қажетті көмек көрсеттік. Ең бастысы, олар дер кезінде құтыруға қарсы вакцина алды. Схема бойынша үш ай екпе алады. Қазір олардың жағдайы тәуір. Бірақ әлі біздің бақылауда болады", - дейді Күршім аудандық ауруханасы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Задабек Шапатов.