«Мұғалім мен оқушылар қаза тапты»: Ақтөбеде болған жол апатына қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды

19 желтоқсан күні Ақтөбе облысында тас жолда олимпиадаға кетіп бара жатқан екі оқушы мен мұғалім көз жұмды. Полиция «балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны» үшін екінші қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды paryz.kz Qoqam-media.kz-ке сілтеме жасап.

«Мұғалім мен оқушылар қаза тапты»: Ақтөбеде болған жол апатына қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды
Фото: Ақтөбе қаласы ПД баспасөз қызметі

Жол-көлік оқиғасына ұшыраған көлік мектептің өтінішінде көрсетілмеген, деп мәлімдеді полиция департаменті. Оның техникалық жағдайы тексерілмеген. Қалған балалар отырған көліктер бойынша мектеп алдын ала өтініш берген. Балалар аман-есен жетті.

«Олимпиаданы ұйымдастыруда кемшіліктерге жол берілген. Бұл жұмыс аудандық білім бөліміне және мектепке жүктелген. Олимпиадаға және басқа да шараларға баратын арнайы автобустар жоқ. Ақтөбе облысында білім басқармасында 148 автобус жұмыс істейді, бірақ олар 3 және одан да қашық жерде оқитын балаларды тасуға пайдаланылады. Автобустардың арасында жалға алынғандары да бар, олардың техникалық жағдайы бақылауға алынған», – дейді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова.

Екінші қылмыстық іс «Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» бабы бойынша қозғалды.

AMP

Белгілі болғандай, қаза тапқан оқушылардың жасы 15-те және 16-да болған. Ер мұғалім де жарақаттан қайтыс болды. Көлікте барлығы бес оқушы болған, оның үшеуі түрлі жарақаттар алған. Көлік жүргізушісі зардап шеккен жоқ.

«Зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетіледі. Ақтөбе облысының әкімдігі апаттан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады», - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.