СҚО-да үйден 3 адамның денесі табылды, төртіншісі ауыр халде жатыр

Солтүстік Қазақстан облысы Новоселовка елді мекенінде бір үйден үш адамның мүрдесі табылды. Осы үйдің төртінші тұрғыны ауруханада жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да үйден 3 адамның денесі табылды, төртіншісі ауыр халде жатыр

Өңірлік коммуникациялар қызметінде СҚО төтенше жағдайлар департаменті өртке қатысты ағымдағы жағдайға тоқталды.

Ведомство бастығының орынбасары Дмитрий Растихиннің айтуынша, 6 сәуір күні Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоселовка елді мекенінде туыстары өз үйінен үш адамның денесін тапқан.

Төртіншісі ауыр халде аудандық ауруханаға жеткізілді.

Алдын ала болжам бойынша, тұрғындар пешті ерте жауып, улы газдан иіс тиіп мерт болған.

Қайтыс болған екі әйелдің біреуі 57 жаста, екіншісі - 35-те және үй иесі ер адам 62 жаста болған.

«Ресми түрде өңірде жылыту маусымы 20 сәуірге дейін созылмақ. Дегенмен құбылмалы ауа райына байланысты жеке сектор тұрғындарының маусым айында да пеш жағатын кездері бар. Сондықтан пештің дұрыстығын және мұржасының толып қалмауын үнемі бақылап отырған жөн. Өйткені өрт оқиғаларының 77% - осы жеке секторға тиесілі», - дейді СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихин.

Жалпы жыл басталғалы СҚО-да 114 өрт тіркелді. Салдарынан 10 адам қаза тауып, 4-уі түрлі жарақат алды. Ал 24 адамға иіс тиген, соның біреуі тілге келместен қайтыс болды.