Дәмханадағы жарылыстан қаза тапқан әйелдің отбасына миллион теңге төленеді

Кінәлі 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Дәмханадағы жарылыстан қаза тапқан әйелдің отбасына миллион теңге төленеді
фото: дереккөз

Елордада газ жарылысынан қаза тапқан Halal brothers дәмханасы жұмысшысының туыстарына 1 миллион теңге төленеді және мәйіттің Қызылордаға жеткізілуіне көмек көрсетіледі, деп хабарлады paryz.kz, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.

"Олардың бәрі баллонның өртеніп кеткенін білген кезде көшеге жүгіріп шықпақ болған. Қаза тапқан әйел, менің білуімше, қоймаға кірмекші болған, бірақ үлгермеген. Менің күйеуім мүгедек бола жаздады. Жағдайы – орташа ауырлық дәрежесі. Дәрігерлер бұл басқаларға қарағанда қалыпты жағдай дейді", - деді зардап шеккендердің бірінің әйелі.

Полиция "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабы бойынша тергеуді бастады. Кінәлі 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Еске сала кетсек, 21 қараша күні түсте елорда кафелерінің бірінде газ баллон жарылған. Соның салдарынан ас үйдің төбесі опырылып құлап түсті. Жарылыс кезінде ғимаратта болған әйел ауруханада көз жұмды.

Жедел медициналық көмек бригадасы 34 адамды емханаға жеткізді. Зардап шеккен адамдардың барлығы – дәмхана жұмысшылары. Сондай-ақ, жарылыс салдарынан 3 автокөлікке зиян келген.