Иттердің 6 жасар қызды талап тастауы: қалалық әкімдік оқиғаның мән-жайын айтты

Әжесімен бірге жүрген қыз көшеге жалғыз қыдырып кеткен.

Иттердің 6 жасар қызды талап тастауы: қалалық әкімдік оқиғаның мән-жайын айтты
Фото: ашық дереккөз

Сәтбаев қаласының әкімдігінің мәліметі бойынша, иттер талап қайтыс болған 6 жасар қыздың отбасы қамқоршы және полиция органдарының есебінде тұрған, деп хабарлады Tengrinews.kz.

Отбасында 6 жасар қыздан бөлек, екі бала бар. Бүгінде олар "Қамқор" әлеуметтік оңалту орталығына уақытша орналастырылды.

"1993 жылғы әйел адам бірге тұратын адамымен және үш баламен қала шетіндегі саяжайда тұрған. Қолайсыз отбасы ретінде полиция есебінде болған. Бұл отбасы білім бөлімінің қорғаншылық бөлімінің бақылауында. Бүгінде екі баласы "Қамқор" әлеуметтік оңалту орталығына уақытша орналастырылды. Қайғылы оқиға болған күні марқұм таныс әжесінің жанында болған", - дейді әкімдік өкілдері.  

Әжесімен бірге жүрген қыз көшеге жалғыз қыдырып кеткен. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, оқиға сол сәтте болған. Қайғылы оқиға болғаннан кейін әкімнің орынбасары Дәуір Жүнісбеков марқұмның отбасына барып қайтқан. Қаладағы ветеринарлық станция қаңғыбас жануарларды аулау мен атуды жүйелі түрде жүргізіп жатқанын хабарлады. 

Еске салайық, бүгін қаңғыбас иттердің өрімдей қызды талап өлтіргені хабарланған болатын. Иттер қызды жабылып қапқан. Ата-анасы қыздың дауысын естіп көшеге шыққан. Жедел жәрдем қызметкерлері тез жеткен. Алайда қыз қайтыс болған.