03.09.2020, 12:06

Қазақстанда 1,2 миллион теңге көлемінде жалған ақша анықталды

сурет 7kun.kz сайтынан

Биыл Қазақстанда жалпы сомасы 1,2 миллион теңге болатын 381 жалған банкнот анықталды, деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

«Қазақстанда 2020 жылдың 7 айында жалпы сомасы 1,2 миллион теңге болатын 381 жалған банкнот анықталды. Бірақ осы кезеңде жалған монеталарды шығару фактілері тіркелмеді», - деді Ұлттық банктің қолма-қол ақша айналымы департаментінің банкноттарды және монеталарды сараптау басқармасының басшысы Асхат Әбішев.

Оның айтуынша, жалған ақша белгілерінің саны 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 46,9 пайызға төмендеген (өткен жылы 718 жалған банкнот және 6 монета анықталған).

Жалған банкноттардың басым бөлігі Алматыда анықталған - 243 жалған банкноты (63,78 пайыз). 2020 жылы Қазақстанда көбінесе номиналы 2 мың (41,47 пайыз) және 5 мың теңгелік (31,5 пайыз) банкноталар қолдан жасалған.

Еске сала кетейік, елімізде жалған банкноттарды шығару және сатумен айналысқандарға 5 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге соттау жазасы көзделген.