27.04.2024, 17:03

Атырау облысында жасөспірім мопедпен төрт жасар баланы қағып кетті

Коллаж: Azattyq Ruhy

Атырау облысында ауа райы жылынғалы жол қозғалысында мотокөліктердің көбейген. Тиісінше олардың қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғалары да жиілеп отыр. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жыл басталғалы мотокөліктердің қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғаларының саны 34 болса, оның 12-сінде жасөспірімдер ешқандай құжатсыз мотокөлік басқарған дерегі тіркелді. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Сондай-ақ, 25 адам түрлі дене жарақатын алып, бір адам қаза тапты. Мәселен, 9 сәуір күні сағат 20:00 шамасында Мұқыр ауылында ауыл-ішілік жолда 2005 жылы туған студент оқу демалысы кезінде ешқандай рұқсат құжаттарсыз мотокөлікті басқарып, 4 жастағы баланы қағып құлатқан. Басынан жарақат алған 4 жастағы бала ауруханаға жеткізіліп, әлі күнге дейін дәрігерлердің бақылауында. Бұл дерекке қатысты полиция қылмыстық іс тіркеп тергеуде.

Сонымен қатар, соңғы кездері қала көшелерінде құқық бұзушылыққа жол берген мотокөліктер мен электросамокат жүргізушілерінің бой тасаламақ мақсатта полицейлердің заңды талабын орындамай тоқтау деректері де кездесуде. Мәселен, 8 сәуір күні 17 жастағы мопед жүргізушісі жол бойында 16 жастағы қыз баланы қағып құлатып, оқиға орнынан қашып кеткен. Патрульдік полиция қызметкерлері ізін суытпай аталған мопедті анықтап, тоқтатпақ болған. Мопед басқарған жасөспірім заңды талаптарды орындамағандықтан патрульдік полицейлер мәжбүрлі  түрде тоқтатып, полиция басқармасына жеткізді.

«Құрметті ата-ана! Жасөспірім балаңыздың рұқсат құжатсыз мотокөліктерді, мопед және скутерлерді басқаруына жол бермеңіз! Жыл басынан бері мопед жүргізшілерінің кінәсінен орын алған жол көлік оқиғасының саны – 17, ал олардың жол ережесін бұзу дерегі – 371-ді құрап отыр.  Басым бөлігі жылдамдық асыру, басып озу және бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамау, қауіпсіздік талаптарын орындамау. Құқық бұзушылыққа жол берген 85 мотокөлік арнаулы тұраққа жеткізілген. Тәжірибеге сүйенсек, көп жағдайда мұндай көлік түрлерін жасөспірім жүргізушілер пайдаланады. Бұл жүргізушілер қарапайым жолда жүру ережелерін сақтамайды. Соның салдарынан жол-көлік оқиғалары орын алады. Ал, мұндай апаттардың салдары денсаулық пен өмірге үлкен қауіп төндіретінін естен шығармаңыздар!» - дейді полиция.