ШҚО-ға қалың қар түсіп, 40-тан астам көлік жолда қаңтарылып қалды

Сонда да ілгері жүруге талпынған кей жүргізушінің көлігі сырғанап, жолдан шығып кеткен.

ШҚО-ға қалың қар түсіп, 40-тан астам көлік жолда қаңтарылып қалды
фото: inform.kz

ШҚО-ға қар түсті. Қалындығы 15-20 сантиметрге жеткен. Ал бабаларымыз: "Қазанның қарынан суыр інінің аузында ұлтарақтайы қалса, қыс ұзаққа созылады" деген. Демек, бұл – кейбір әріптестеріміз алаулатып-жалаулатып жазып жатқандай, қыстың алғашқы қары емес. Еріп кетеді. Бірақ, шығыстағы ағайынды әбден әуре-сарсаңға салды.

Бүгін көктайғақ салдарынан Өскемен-Риддер бағытындағы көліктер жолда қалып, жолаушылар діттеген жеріне жете алмай қалған. Синоптиктер солай боларын алдын ала ескертсе де, ақпарат оқып, смс қарамайтын жұрттың көрер күні – осы.

Жазғы доңғалақтары қысқыға ауыстырылмаған 40-тан астам автокөлік кәдімгідей қар құрсауында қалды. Сонда да ілгері жүруге талпынған кей жүргізушінің көлігі сырғанап, жолдан шығып кеткен. Құтқарушылардың айтуынша, одан ешкім зардап шекпепті.

"Көлік кептелісінде қалған жүргізушілерге вахтовка келіп жетті. Жолаушыларға жолды қардан тазалағанға дейін жылы жерде күтуге жағдай жасалды", - дейді ШҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары Дәурен Ағажаев.

Ғали ТӨЛЕК