Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Райымқұлова отставкаға кету жөнінде өтініш жазатын болды

Яғни, мемлекеттік қызметшінің отставкасын қабылдау-қабылдамауды Мемлекет басшысы шешеді. 

Райымқұлова отставкаға кету жөнінде өтініш жазатын болды
фото: Abai.kz

Токио олимпиадасынан кейін «Мәдениет және спорт министрі отставкаға кетуі керек!» дегенді екінің бірі айтып жүрді. Бірі спортшылардың алтын алмағанына шын күйініп айтса, енді бірі жеке басының қамын күйттеп айтты. Сонымен, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова отставкаға кете ме?

Nege.kz бұл сұраққа басқа қырынан келді. Біз министрдің атына ресми сауал жолдадық. Сауалдарымызға аппарат басшысының міндетін атқарушы Ж.Жарқымбековтен жауап келді. 

Тағы оқи отырыңыз: Мәдениет және спорт вице-министрі ұсталды деген ақпарат тарады 

Орынбасары ұсталған Ақтоты Райымқұлова қызметінен кете ме?..

Естеріңізге салайық, Алматы қаласының Түркісіб аудандық соты бұрынғы вице-министр Сәкен Мұсайбековті кінәлі деп тауып, «мемлекетке 62 млн теңге төлесін» деп үкім еткен. Осы іске байланысты министр А.Райымқұловаға төмендегідей сауалдар жолдағанбыз:

1. Мұсайбеков вице-министр болып жүргенде жемқорлық жасап, пара алғанынан хабардар болдыңыз ба?

2. 14 мамырда «егер Мұсайбековті сот кінәлі деп тапса, отставкаға кетуге дайынмын» деп мәлімдедіңіз. Мемлекет басшысының атына отставкаға кету жөнінде арыз жазасыз ба?

3. Президент отставка жөніндегі арызды қабылдамаған жағдайда одан әрі жұмыс істей бересіз бе, әлде қызметтен бас тартасыз ба?

Тағы да оқи отырыңыз: Сәкен Мұсайбеков букмекерлік кеңселердің "крышасы" болған ба?

Аппарат басшысы Ж.Жарқынбековтің жауабы толық емес, әрі екұшты болғанына қарамастан, министр А.Райымқұлова заң талабына сай отставкаға кету жөнінде өтініш жазатынын жауаптан түсіндік.

«2021 жылдың 15 шілдесінде Алматы қаласының Түркісіб аудандық соты Сәкен Жүнісбекұлы Мұсайбековті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 1,2-тармақтары бойынша кінәлі деп танып, айыппұл түріндегі жаза тағайындау туралы үкім жариялады. Үкім 2021 жылғы 30 шілде күні заңды күшіне енді.

Осыған байланысты, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловамен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 60-бабының талаптары жоғары тұрған басшылықтың одан әрі шешім қабылдауы үшін сақталатын болады», – дейді аппарат басшысының міндетін атқарушы Ж.Жарқынбеков.


Министрліктің жауабы.

Бұл заңның 60-бабының талаптары мынадай: егер өзінің орынбасары, өзіне тікелей бағынысты мемлекеттік саяси қызметші жемқорлық қылмыс жасаса, орталық мемлекеттік органның басшысы отставкаға өтініш береді және отставкаға кетеді.

Бұл заңның 60-бабының 4-бөлігінде бүй дейді тағы: «Мемлекеттiк саяси қызметшiлердi қызметтен шығарудың негiздерi мен тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды».

Яғни, мемлекеттік қызметшінің отставкасын қабылдау-қабылдамауды Мемлекет басшысы шешеді. А.Райымқұловаға «Президент отставка жөніндегі арызды қабылдамаған жағдайда одан әрі жұмыс істей бересіз бе, әлде қызметтен бас тартасыз ба?» деген сұрақты осының негізінде қойғанбыз. Бірақ сұрағымызға жауап ала алмадық.

А.Райымқұлова да отставка жөнінде арыз жазатын болды. Жазғысы келмеген күнде де мұны заң міндеттейді. Ал енді Президент Қ.Тоқаев отставканы қабылдай ма, жоқ па, ол – екінші кезектегі мәселе.

Президент отставка жөніндегі өтінішін қабылдамаса да, «бұдан былай мемлекеттік қызметте қалуға моральдық құқығым жоқ» деп қызметтен бас тартқан шендіні әзірге көргеніміз жоқ. Бәлкім, солардың алды Ақтоты Райымқұлова болатын шығар, кім білсін?..