Алматы қалалық соттарының баспасөз қызметі мәлім еткендей, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы бойынша 25 сотталушыға қатысты қылмыстық ісі қаралды.
«Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық сотында қаңтар оқиғасына қатысқан 25 азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Олар 2022 жылғы 4-5 қаңтар аралығында Алматы қаласының түрлі умағында жаппай тәртіпсіздіктерге қатысып, аса ірі мөлшерде ұрлық жасады, тұрғын үй, қызметтік және өндірістік үй-жайларға заңсыз кіріп, ірі залал келтіре отырып көлік құралдарын айдап әкетті, қауіпті өндірістік нысаның аумағына, сондай-ақ арнайы органдар күзететін басқа да нысандарға заңсыз кірді, бұл елеулі залал тигізіп, басқа да ауыр зардаптарға әкеп соқты», - делінген сот хабарламасында.
Айыпталушылар сондай-ақ алдын ала сөз байласу арқылы оқ-дәрі, атыс қаруларын ұрлап әкеткен, төтенше жағдай жарияланған жерде жаппай тәртіпсіздіктер кезінде адамдар тобы алдын ала сөз байласып, билік өкілдерінің денсаулығына залал тигізіп, олардың мүлкін бүлдіргені және жойғаны анықталды. ⠀
Жаза тағайындау кезінде: сотталушылардың кінәларын толық және жартылай мойындауы, бұрын сотталмағандықтары, жеке басы, жас мөлшері, құқық бұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқы, кәмелетке толмаған балаларының болуы, қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігінің сипаты мен дәрежесі, қылмыстық құқық бұзушылықты төтенше жағдай кезінде жасауы сияқты мән-жайлар ескерілді.
«Сот үкімі 20 азаматқа Рақымшылық жасау туралы заң қолданылып, 9 айдан 1 жыл 9 айға дейінгі мерзімге шартты жаза тағайындалды. 4 тұлғаға Рақымшылық туралы заң қолданылып, осыған байланысты олар жазадан босатылды. 1 азамат қайтыс болуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды», - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.