16.08.2022, 09:07

Заңгер Тасмағамбетов пен Есімовтің Алматы жерлерін кімдерге таратқанын айтты

Фотоколлаж Azattyq Rýhy

«Жер аманаты» республикалық комиссиясының негізгі мақсаттарының бірі – Алматыда сақталып қалған соңғы алма бағын аман алып қалу және экс-әкімдер Храпунов, Тасмағамбетов және Есімовтің кезінде заңсыз үлестірілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару.

Белгілі заңгер, аталған комиссияның мүшесі Бақытжан Базарбек осылай деді деп жазды paryz.kz qonaev.info-ға сілтеме жасап.

«Олар зәулім үйлер, коттедждер салу үшін алма бағының жерлерін беріп жіберген. Салдарынан қаншама алма ағашы шабылды. Біз алма бақтарынан осылайша айрылып қалдық» деп жазды заңгер өзінің Facebook-парақшасында.

Қазір Алматыдағы Жамақаев көшесінің жоғарғы бөлігінде орналасқан алма бағы қалада сақталып қалған соңғы бақ екен.

«Жақын күндері біз Виктор Храпуновтың «Элит Алатау 007» ЖШС-не, Иманғали Тасмағамбетовтің «Asia Construction» ЖШС және «Ermensay» ЖШС-не берген алма бақтары қаншалықты заңды берілгенін анықтайтын боламыз. Жауапкершіліктен ешкім қашып құтыла алмайды», – дейді заңгер.

Экс-әкімдердің шешімдері «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы аясында тексерілетін болады.