Атырау облысында жылқылар үсіп өлген (ВИДЕО)

Қалың қардан омбылап жүре алмай, Атыраудағы Индер ауданы аумағында үйіріліп қалған.

Атырау облысы аумағынан қатып қалған жылқылар табылды. Үйір-үйір жылқы желден ығып келген дейді, жолай жануарларды түсірген жолаушылар. Бет қаратпас боранда жүре алмай, сол күйі қатып қалғандары да бар, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Үйір-үйір жылқылар көршілес Батыс Қазақстан облысынан ығып келген мал деген болжам бар. Қалың қардан омбылап жүре алмай, Атыраудағы Индер ауданы аумағында үйіріліп қалған. Шаруалардың жай-күйін білуге шыққан мамандар жолай 300-ге тарта жылқыны Атырау-Орал тас жолынан өткізіп жібердік дейді.

"Ақ Жайық ауданының малдары деді, ығып келген. Машина қақпай, авария жасатпай өткізгеніміз ғой, 300 бас жылқыны. Түннің іші, күн салқын болды, жел тұрғызбайды адамды", - дейді Индер ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәулет Есетов.

Сондай-ақ табын сиырлар да тас жолдың бойымен жүруді жөн көрген. Олар көліктердің жүруіне кедергі келтіріпті. 40 шақты ақ бас сиыр да көрші облысқа тиесілі. Оларды Индер ауданына қарасты "Болашақ" шаруа қожалығының иесі қораға қамап, жем-шөбін берген. Ал бүгін мал иелері бір табын сиырды айдап алып кеткен.