«Дауыс көтерудің қажеті жоқ»: судья Қуандық Бишімбаевқа ескерту жасады

Бүгінгі сот отырысында қосымша сараптама жүргізген сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаровтан жауап алынып жатыр. Процесс кезінде судья Қуандық Бишімбаевқа ескерту жасады, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

«Дауыс көтерудің қажеті жоқ»: судья Қуандық Бишімбаевқа ескерту жасады
Фото: видеодан скриншот

Бишімбаев сарапшыға «Егер адам қандай да бір деңгейде мас болса, оның құлап, басын қорғап үлгермей қалуы мүмкін бе?» деп сұрақ қойды.  

«Сот-медициналық сараптама кезінде адамның құлағаны анықталған жоқ. Және бұл жағдайда мәйіттен адам өзі құлап қалатындай дәрежеде мастықтың белгілері анықталған жоқ», - деп жауап берді сарапшы Тахир Халимназаров.

Осы сәтте Бишімбаев «Түсінікті. Осы жеткілікті. Келесі сұрақ...» деп сарапшының сөзін бөліп, келесі сұрақты қоюға тырысты.

Судья тараптарды тоқтатып, айыпталушыға ескерту жасады.  

«Біріншіден, дауыс көтерудің қажеті жоқ. Екіншіден, сарапшы сұраққа жауап беріп жатыр. Сіз оның сөзін бөліп, келесі сұрақты қоймақшысыз. Сұрақ қойдыңыз ба, жауапты соңына дейін тыңдаңыз. Егер сіздің жауапты тыңдағыңыз келмесе, оны процестің өзге қатысушылары да тыңдағысы келмейді деген сөз емес», - деді судья.