«Мүсәтір спиртін әкелуді сұрады»: Бишімбаевтың ісі бойынша куәгер жауап берді

Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында алғашқы куәгерден жауап алынды, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

«Мүсәтір спиртін әкелуді сұрады»: Бишімбаевтың ісі бойынша куәгер жауап берді
Фото: видеодан скриншот

Гастроорталықтың басшысы, Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжановтың қоластында жұмыс істеген Қалмұрат Молдақаш видеожазбалардың қалай өшірілгені туралы айтып берді.

«9 қарашада мен таңғы сағат 10-да жұмысқа келдім. Ноутбугымды ашып, жұмысымды істедім. Күнде сағат түскі сағат 12:00-13:00 кезінде мен мейрамхананы аралап, тексеріп шығамын. Бірінші қабат жұмыс істеп тұрды. Екінші қабат істемеді. Мен әкімшіден екінші қабаттың неге істемей тұрғанын сұрадым. Ол тазалық күні екенін айтты. Мен «жарайды» деп кетіп қалдым. Сағат 14:00 кезінде маған әкімші келді де, оған Бақытжанның хабарласып, «видеожазбаларды өшір» деп айтқанын жеткізді. «Қандай видеожазбалар?» деп сұрадым. Сол кезде Бақытжанның өзі де кабинетке кіріп келді. Менен видеожазбаларды өшіруімді сұрады. Мен неге екенін сұрамадым», - деді куәгер.

Қалмұрат Молдақаш пен әкімші екеуі видеокамералар орналасқан диспетчер бөлмесіне барады. Артынан Байжанов та келеді. Молдақаш оның сұратқан видеожазбаларын өшіріп тастайды, бірақ видеожазбаны анықтап, ашып қарамаған.

Сағат 16:00-де Бақытжан Байжанов оған қоңырау шалып, мүсәтір спиртін әкелуді сұрайды.

«Не үшін қажет болғанын айтпады. Тез керек екенін ғана айтты. Мен дәріханаға барып, әкеліп бердім. Содан кейін өзімнің шаруаммен кеттім. Болған оқиға туралы кешкі сағат 20:00-де білдім. Әкімші телефон шалып, Гастроорталықта төтенше жағдай болып қалғанын айтты. Не болғанын сұрадым. Ол екінші қабатта кісі өлімі болғанын айтты. «Бишімбаев әйелін өлтірді» деді ол маған», - деді Қалмұрат Молдақаш.

Сондай-ақ, ол Қуандық Бишімбаев бүкіл Гастроорталықтың акционері болғанын және Bau мейрамханасының қожайыны болғанын айтты.

Еске салайық, бүгін Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өз жұбайы Салтанат Нүкенованы аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты өтіп жатыр. Сотта қайтыс болған Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдіден жауап алынды. Ол Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың қалай танысып, қалай аралары суығаны, олардың арасындағы ұрыс-жанжал туралы айтып, қарындасының бет-аузы көгерген суретін көрсетті. Сонымен бірге, қарындасы өлтірілген ауыр түнді еске алды.