Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Жаңаөзенде АBUEV GROUP мекемесі жұмысшыларының ереуілі төртінші күнге ұласты (ВИДЕО)

"KMG EP-Catering" - "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының еншілес мекемесі. Онда жалпы саны мыңнан астам адам жұмыс істейді. Оның Жаңаөзендегі бөлімшесінде 300-ге тарта жұмысшы бар.

Жаңаөзенде АBUEV GROUP мекемесі жұмысшыларының ереуілі төртінші күнге ұласты (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Жаңаөзендегі "KMG EP-Catering" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің АBUEV GROUP аутсорсинг мекемесі жұмысшыларының ереуілі төртінші күнге ұласты деп жазды centralasian.org

Өздерін тұрақты жұмысқа алуды талап еткен аспаздар, еден жуушылар мен жүкшілер әлі жұмысқа шықпай тұр. Маңғыстау облысында "Емир-ойл" мекемесінде де ереуіл басталғаны хабарланды.

АBUEV GROUP аутсорсинг мекемесі жұмысшыларының бірінің айтуынша, өткен сенбіде билік пен жұмыс беруші араласқан келісім комиссиясы ортақ шешімге келе алмаған.

Тағы оқи отырыңыз: Маңғыстау облысында да 170-ке жуық жұмысшы ереуілге шықты

Теңіз кенішінде ESS компаниясының жұмысшылары ереуілдеп жатыр (ВИДЕО)

Бізге өзіміз талап еткен "Өзенмұнайгаздың" нақты аутсорсинг мекемесінің және "KMG EP-Catering" компаниясының атауы нақты көрсетілмеген хаттама ұсынып, "қол қойыңдар да, жұмысқа шыға беріңдер" дейді. Сондай шешім бола ма? Біз келіспедік. Енді проблеманы шешудің орнына талап қойғандарды бір-бірден қорқытып, "мүлдем жұмыссыз қаласың" деп қысым жасап жатыр, - дейді аты-жөнін айтпауды сұраған ереуілшілердің бірі.

Олардың айтуынша, жыл сайын "KMG EP-Catering" өткізетін тендерді әр түрлі мекемелер жеңіп алып, демалыссыз мардымсыз жалақы береді.

Биылғы тендерді 2023 жылға дейін АBUEV GROUP жеңіп алып отыр. Бірақ біз еңбек жағдайы жасалмаған, аз жалақымен (70-100 мың теңге) жұмыс істеуден шаршадық. Ел қатарлы төленетін демалыс алып, отбасымызға асырай алатын табыс тапқымыз келеді, - дейді жұмысшы.

Ереуілшілердің сөзіне қарағанда, "Кендірлі" демалыс аймағындағы осы мекеменің 20 шақты жұмысшысы да жұмысқа шығудан бас тартып отыр.

Азаттық тілшісі "KMG EP-Catering" компаниясы бас директоры Жасұлан Өтегеновке қоңырау шалған еді. Алайда хатшысы "қолы бос емес" деп қоспады. Ал АBUEV GROUP ЖШС директоры Саламат Абуев жұмысшылар талабын орындау оңай емес екенін айтып, ереуілшілерге көрсетілген қысымды жоққа шығарды.

Мен қазір әкімдікте отырмын. Жаңаөзенде еңбек дауы көп. Шешімді қарастырып жатырмыз, - деді ол.

"KMG EP-Catering" - "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының еншілес мекемесі. Онда жалпы саны мыңнан астам адам жұмыс істейді. Оның Жаңаөзендегі бөлімшесінде 300-ге тарта жұмысшы бар.

Компания Маңғыстау, Атырау облыстарында мұнайшыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету, "Кендірлі" демалыс аймағында демалушылар мен мұнайшыларға қызмет көрсету, мұнай кен орындарында тазалық жұмыстарын жүргізу, "Өземұнайгаздың" барлық өндірістік бөлімшелерін, асханаларына шаруашылық тұрмыстық қызмет көрсетумен айналысады.

Lada.kz сайтының жазуынша, осы демалыс күндері Маңғыстау облысында "Емир-ойл" мекемесінің жұмысшылары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдап, жалақыны 70 пайызға өсіруді талап еткен. Сайт мұнайшылардың видеосын да жариялады. Видео 31 шілдеде жазылған.

Қымбатшылықтан тұрмыс жағдайымыздың нашарлауына байланысты еңбекақымызды 70 пайызға өсіруді талап етіп, 2021 жылы 1 шілдеде мекеме басшылығына және әкімшілікке хат жолдағанбыз. Мекеме басшылығы жалақыны 10 пайызға ғана өсіре аламыз деп жауап берді. Алайда 10 пайыз біздің тұрмыс жағдайымызды жақсартуға жеткіліксіз. Ал облыстық әкімдіктен еш жауап жоқ", - дейді биліктен көмек сұраған жұмысшылар мәлімдемеде.

Азаттық тілшісі мекеме өкілдерінен ақпарат алу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Маңғыстау облысында кейінгі айларда жалақы өсіру мен еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен жұмысшылар наразылығы көбейген. Олардың көбі талаптары орындалғаннан кейін ереуілді тоқтатқан.