Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Бестамақта шошқа фермасының жұмысшылары мен тұрғындар "ұстасып" қалды

Бұқара шаруашылық басшылығының тергеу аяқталғанша дәлел болар жерлердің көзін жойып жатқанына ашулы...

Бестамақта шошқа фермасының жұмысшылары мен тұрғындар "ұстасып" қалды
фото: Жанар Қожанова

Ақтөбенің Бестамақ ауылындағы тұрғындар мен шошқа фермасының жұмысшылары арасында дау туды. Жұмыссыз қалудан қорыққандар ферманы жауып тастауға қарсы. Жергілікті тұрғындар да алған бетінен қайтар емес. Арадағы айқай-шуды тәртіп сақшылары мен атқамінерлер әрең басты, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.

Ауыл хылқы 10 жылдан бері қолқаны қапқан иістен шаршағандарын, одан қалды, қоршаған ортаны ластап жатқандарға бей-жай қарап отыра алмайтындарын ескертті. Ал жұмысшылар болса, нәпақадан қағылатындарына көндіге алар емес. Олардың дені қаладан келіп істейді.

"Бұл жерге тауып отырған нанынан, яғни жұмысынан айырылып қаламыз ба деп қорыққан халық шықты. Қазір бізде 400 адам жұмыс істейді. Ертең ферма жабылса, олар қайда барады? Бізге мұнда барлық жағдай жасалған. Мекеме жіберген кемшіліктерін жояды деп ойлаймын", - дейді ферма жұмысшысы Петр Мурашкеевич.

Ал оған қарсы тараптан Гүлнәр Айтжанова атты тұрғын шығып:

"Талабымыз - жабу. Оразалин қалай деді? Болмаса, бағыт өзгертсін. Ірі қара тұр ғой. Түйе, жылқы ұстай берсін. Шошқаны алып тастау керек. Не деген масқара, бүкіл жерді бүлдіріп, боғын ағызып жатыр!" - деп ашынды.

Бүгінде сойылған шошқаның қалдықтары тасталған шұңқырлар арнайы техникамен тегістеліп жатыр. Ал бұқара шаруашылық басшылығының тергеу аяқталғанша дәлел болар жерлердің көзін жойып жатқанына ашулы.

"Ағып жатқан суға труба өткізіп қойған. Бассейнге кетіп жатыр. Ол жабдықталмаған. Төгіп жатыр әншейін. Ешқандай нәтиже жоқ. Қайтадан барлығын тегістеп тастауға неге рұқсат береді? Тергеу жүріп жатқанда олар дәлелді жойып жатыр", - дейді ауыл тұрғыны Нұрбек Жұбатқасов.

Халыққа басу айтуға шенеуніктер де жетті. Олар жұртты ешқандай дәлелдің жойылмайтынына, тәуелсіз сараптама тағайындалғанына сендіріп бақты.

"20 қаңтарда сараптама келеді осы жерге. Өйткені Ақтау қаласына жібердік. Солар полициямен бірге осы жерді келіп қарайды. Қанша тегістесе де, тегістеп тастап жатыр деген жерлердің барлығы қазылып, проба алынады. Осыған дейінгі экология, жер инспекциясы, ветинспекция анықтаған кемшіліктер қайта тексеріледі", - деді Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов.

Дауға айналған бұл іске соңғы нүктені енді сот қоятын болады. Шаруашылыққа қатысты Экология департаменті 13 әкімшілік іс қозғап, 1 млн 250 теңге көлемінде айыппұл салған.