Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Журналисті қарғаған шымкенттік педагог ауырып қалыпты

Дәстүрлі ұлттық өнер мектебінің басшысы жергілікті журналиске қоқан-лоққы көрсеткен қызметкерімен әлі байланыса алмай отырғанын айтады.

Журналисті қарғаған шымкенттік педагог ауырып қалыпты
фото: ашық дереккөз

Шымкентте журналиске қарғыс айтып, дуалаймын деген «Қаратау» дәстүрлі ұлттық өнер мектебінің қызметкері сырқаттанып қалды. Бұл туралы мекеме басшысы, белгілі айтыскер ақын Біржан Байтуов мәлімдеді деп хабарлайды Paryz.kz, Express Qazaqstan-ға сілтеме жасап. 

Дәстүрлі ұлттық өнер мектебінің басшысы жергілікті журналиске қоқан-лоққы көрсеткен қызметкерімен әлі байланыса алмай отырғанын айтады. Естуінше, өнер мектебінің педагогы осы жағдайдан кейін ауырып қалған.

Оқи отырыңыз: Шымкентте мәдениет үйінің қызметкері журналисті қарғап тастаған (АУДИО)

Ол кісі актерлік шеберлік сабағынан береді. Еңбек өтілі, тәжірибесі толықтай сай. Ал оның жеке өмірі, отбасылық жағдайы бізге қатысты емес. Онымен өзім әлі сөйлесе алмай отырмын. Жедел жәрдем шақырып, сырқаттанып қалған адамды қалай жұмысқа шақырамын? Сауыққан соң екі жақты тыңдап, басшы ретінде бағасын бере жатармын. Мен ол аудиожазбаны (Facebook әлеуметтік желісінде тараған аудио — ред.) тыңдадым. Естіп алып, "мынау не масқара?" деп қатты таң қалдым. Әңгіме неден басталғанын дөп басып айту қиын, әрине. Мүмкін солай айтуға жеткізді ме?.. Бірақ қандай жағдайда да қызметкердің олай айтуы дұрыс емес. Онымен кеше түнде біздегі өзге ұстаздар сөйлесіпті. "Мен мектепті үлкен ұятқа қалдырдым. Ауырып жатырмын. Дұрысталған соң жұмыстан кету туралы арызымды жазамын" деп айтыпты, — деді Біржан Байтуов.

Өнер мектебінің басшысы актриса әрі педагогтың өз ісіне аса мұқияттылықпен қарайтын жақсы маман екенін айтады. Бірақ жұмыс барысында кез келген нәрсені көңілге тез қабылдап әрі қатты қобалжитынын байқапты. Ал жүргізушінің сахнада сөзден жаңылғанын әлеуметтік желіде жазған журналистпен байланысып, жазбасын алып тастасын деген тапсырманы бермедім деп отыр.

Әлеуметтік желіде пікір жазған адамға "жазбаңды алып таста" деп айту — этикаға жат нәрсе. Мен ондайды мүлдем құптамайтын адаммын. Себебі әр адам өз пікірін білдіруге құқылы. Менің тарапымнан "журналистпен байланыс, жазбасын алсын" деген тапсырма берілген жоқ. Бәлкім ол қызметкер "мектепке зияным тиіп қалды, жағдай ушығып кетпесін" деп өздігінше шешім қабылдап, сондай қадамға барған шығар. Бұл, әрине, менің жеке пайымым. Бірақ жағдайды одан бетер ушықтырып алатынын қайдан білсін?, - дейді өнер мектебінің басшысы.

Еске салсақ, апта басында Шымкентте ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ақындар мүшәйрасы өтті. Мерекелік кеште жүргізуші болған дәстүрлі ұлттық өнер мектебінің қызметкері мәдени шара "Тәуеліздіктің 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр" деп сөзден жаңылады. Ал сахнада сөз алған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан әділқазылар мүшесі, ақын Ханбибі Есенғарақызын Ақұштап Бақтыгереевамен шатастырып алған.