"Мал құрлы көрмей...": Нұр-Сұлтанда ер адамды көлік қағып өлтірді (ВИДЕО)

Видео авторын сынайтындар да бар. Олардың айтуынша, мәйітті жауып барып түсіру керек еді.

"Мал құрлы көрмей...": Нұр-Сұлтанда ер адамды көлік қағып өлтірді (ВИДЕО)
фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан қаласының ескі орталығында жас жігіт жаяу жүргіншіні қағып кетті. 51 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды деп хабарлайды Paryz.kz

Әлеуметтік желіде жол апатының видеосы тарап кетті. Кадрда жолда екі бүктетіліп жатқан адам анық көрінеді. Ал одан бірнеше метр жерде қара түсті жеңіл көлік тоқтап тұр. Ал көлік жүргізушісі біреуге телефон шалып, машинасын айналып жүр. Желі қолданушылары болса, оқиға орнынан өтіп бара жатқан көлік жүргізушілерінің салқынқандылығына таңғалды.

Масқара, жай әшейін өтіп бара жатыр ғой, - деп жазды олар.

Е, Аллам, адамдар не болып барады? Мал құрлы көрмей өтіп бара жатыр ғой, - дейді енді бір желі қолданушы.

Видео авторын сынайтындар да бар. Олардың айтуынша, мәйітті жауып барып түсіру керек еді.

Қалалық Полиция департаменті таратқан мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға 16 тамызда түнгі сағат 22:21-де Республика даңғылында болған. 51 жастағы ер адам "Самал шағын ауданы" аялдамасы маңайында жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтпек болған. Сол кезде оны Toyota Camry көлігі қағып кетті. Рөлде 19 жастағы жігіт отырған.

Жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі кезде тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.