Ақмола облысында жойқын дауыл үйлердің шатырын қиратты (ФОТО, ВИДЕО)

Желдің жылдамдығы секундына 25-30 метрге дейін жеткен. 

Ақмола облысында жойқын дауыл үйлердің шатырын қиратты (ФОТО, ВИДЕО)
фото: Ақмола облыстық ТЖД

Степногорск қаласына жақын ауылдарда қатты дауыл болды. Жел электр желілерді қиратып, үйлер мен гараждардың шатырын жұлып әкеткен. Салдарынан 150 үй жарықсыз қалды деп хабарлайды Paryz.kz, облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде Бестөбеде түсірілген видеолар тарап жатыр. Ауыл тұрғындары дауылдың салдарын көрсетті. Қатты жел ағаштарды тамырымен бірге жұлып, үйлер мен гараждардың шатырын қиратты. 

Гаражым жоқ! Мына ағашты қара! Көліктің капотын майыстырып тастапты. Алдыңғы шынысы сынған, - дейді видео авторы.

Басқа бір видеода әйел шатырсыз қалған үй-жайларды көрсеткен. Ал көлікке бөрене құлаған.

Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменті таратқан мәліметке сәйкес, ауылда үш үйдің шатыры қираған.

Желдің жылдамдығы секундына 25-30 метрге дейін жеткен. 

Ал Степонорск қаласына жақын Изобильное ауылында бұдан да қатты дауыл болды. 25 шілде күні кешкі сағат 18:00-дің кезінде желдің жылдамдығы секундына 25-30 метрге дейін жеткен. Соның салдарынан электр бағаналары құлады. 147 үй жарықсыз қалды. Қазіргі кезде "Көкше Энерго" ЖШС апаттық бригадасы қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті.

Сондай-ақ қатты жел бірнеше үйдің шатырын жұлып әкеткен. Бір үйдің шатыры толығымен ұшып кетті, 29 үйде жартылай бұзылды. 17 электр бағанасы құлаған. Бұдан бөлек, ауыл клубының 20 шаршы метр, ал қазандық тұрған құрылыстың 100 шаршы метр аумағында шатырды жұлып әкетті, - дейді құтқарушылар.

Дауыл кезінде жарақат алған және қайтыс болған адамдар жоқ. Жергілікті әкімдіктің жанынан арнайы комиссия құрылады. Оған кіретін мамандар апаттың шығындарын есептеп, салдарын жою шараларын реттейді.