"Қайғылы жағдай орын алуы мүмкін": көпқабатты үйдің шатырына шығып алған ғашықтар ВИДЕОға түсіп қалды

Бұл видеоға қатысты үйге қызмет көрсететін мекеме пікір білдірді.

Куәгерлер көпқабатты үйлердің бірінің төбесінде құшақтасып тұрған жастарды видеоға түсіріп алды. Бұл жайт Ақтаудағы 8 шағын ауданда болған, деп хабарлады Lada.kz-ке сілтеме жасаған Paryz.kz. 

Қос ғашықтың үйдің шатырында тұрғанын көрген 8 шағын аудан тұрғындары алаңдаушылық білдірген. Әйелдердің бірі жұптың әрекеті қауіпті екенін айтады.

"Шатырдың шетінен небәрі бір-екі метр жерде тұр. Кез келген сәтте қайғылы жағдай орын алуы мүмкін. Шатыр бөтен адамдар үшін неге ашық тұр?", - деп сұрақ қойды тұрғын.

Бұл видеоға қатысты үйге қызмет көрсететін мекеме пікір білдірді. Олардың мәліметінше, бәзбіреулер шатырдың құлпын бұзып тастаған.

"Біз шатырға кіретін жерді үш күн бұрын тексердік. Барлығы жабық болатын. Көтерілу үшін сындырған болуы керек. Біз күн сайын тексеріп отыра алмаймыз ғой", - дейді "РЭК" ЖШС диспетчері.