Сот бүлдіршінді шашынан сүйреген балабақша тәрбиешісіне қатысты үкім шығарды

Айта кетсек, айыптау актісі педагогке 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұраған.

Сот бүлдіршінді шашынан сүйреген балабақша тәрбиешісіне қатысты үкім шығарды
Фото: ашық дереккөз

Атыраудағы №2 қалалық сот сөйлеу қабілеті нашар балаларға арналған №20 "Алтын балық" мамандандырылған балабақшасының тәрбиешісіне қатысты үкім шығарды деп хабарлайды Paryz.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Педагог баланы жүйелі түрде ұрып-соғу арқылы физикалық және психологиялық зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылған. Сот отырысында тәрбиеші кінәсін ішінара мойындаған.

"Жаза түрін анықтау кезінде сот балаға қарсы қылмыстың ерекше арсыздықпен жасалғанын ескерді. Сот қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару мекемесінде 4 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны әділ деп есептеді", - дейді Атырау облысы сотының баспасөз қызметі.

Айта кетсек, айыптау актісі педагогке 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұраған. Алайда сотталушының кішкентай балалары бар екені ескеріліп, жаза жеңілдетілген.

Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, Атыраудағы балабақшалардың бірінде болған оқиғаның видеосы өткен жылдың желтоқсан айында желіде жарияланған еді. Дегенмен бұл оқиға 2019 жылдың 18 қарашасында орын алғаны белгілі болған. Сол кезде өңірлік полиция департаменті тергеудің аяқталғанын, жақын арада қылмыстық істі сотқа жіберетінін мәлімдеген болатын.

Сонымен бірге, Атырауда бүлдіршіннің шашынан сүйреді деп күдіктелген тәрбиешіге қатысты қызметтік тексеріс басталды. Оқиға 29 наурыз күні Жылыой ауданы Жаңа Қаратон ауылындағы балабақшалардың бірінде болған.