Түркістан облысында 2 мыңға жуық жарық бағаны құлап қалған

Жиын барысында "Оңтүстік Жарық Транзит" компаниясының басшысы Ордабасы ауданындағы жағдай жақын уақытта түзеледі деп сендірді.

Түркістан облысында 2 мыңға жуық жарық бағаны құлап қалған
фото: видеодан скриншот

Қолайсыз ауа райы салдарынан электр жеткізу сымдары үзіліп, 20 мыңнан астам абоненттің жарықсыз қалғаны белгілі болды. Дауылды жел мен қалың қар салдарынан 5 ауданда ішінара жарық өшіп қалған, деп хабарлады paryz.kz

Түркістан облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, Бәйдібек, Отырар және Ордабасы аудандары, Кентау мен Арыс қалалары зардап шеккен. Бүгінде өңірдегі электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары қалай жүріп жатқаны туралы хабарланды.

Қазір екі қаладағы жағдай тұрақталған. Кентау қалалық Жылу электр стансасы жұмыс істеп тұр, электр жеткізу желілеріне жөндеу жүргізілген. Қалған үш аудан бойынша электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Апатты жағдайдың салдарын жою туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен жиында сөз болды.

"Бұл сирек болатын жағдай. Нөсер жауын жауып, жел тұрды, аяз салдарынан мұз қатты. Облыс бойынша 2 мыңнан астам электр бағандары құлап қалды. Біз шара қабылдауымыз керек", - деді аппарат отырысында өңір басшысы.

Бұл жағдайды облыс әкімі Шөкеев жеке бақылауына алып, зардап шеккен аудандардың басшыларына қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуды тапсырды.

Жиын барысында "Оңтүстік Жарық Транзит" компаниясының басшысы Ордабасы ауданындағы жағдай жақын уақытта түзеледі деп сендірді. Алайда Отырар мен Бәйдібек аудандарындағы қалпына келтіру жұмыстары бір айға созылатын көрінеді.

"Бір ай - тым ұзақ. Бір аптаның ішінде қалпына келтіру керек", - деді Өмірзақ Шөкеев.

Соңғы екі күнде қалпына келтіру жұмыстары тәулік бойы жүріп жатыр. Бұл жұмыстарға энергетика компаниясының 20-дан астам бригадасы, 30 техника және 100-ден астам жұмысшысы жұмылдырылған.