Петропавлда шешесі өлімші етіп сабаған 3 жасар қыз көз жұмды

Қатыгез әйел қазір Петропавл қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында жатыр.

Петропавлда шешесі өлімші етіп сабаған 3 жасар қыз көз жұмды
фото: ашық дереккөз

Петропавл қаласында анасынан оңбай таяқ жеген 3 жасар қыз аураханада көз жұмды, деп хабарлады paryz.kz, СҚО денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Бала 17 қаңтарда ауруханаға ес-түссіз жеткізіліп, осы уақытқа дейін комада жатқан. Ал кеше сол есін жимаған күйі көз жұмды.

Еске сала кетсек, бұған дейін 22 жастағы әйел өз баласын аяусыз сабаған деген күдікке ілінген. Ол баласын есінен танғанша ұрып, артынан өзі жедел жәрдем шақыртқан көрінеді.

Қатыгез әйел қазір Петропавл қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында жатыр. Тергеу амалдары "Кәмелетке толмаған баланың денсаулығына қасақана нұқсан келтіру" бабы бойынша жүргізілуде.