Нұр-Сұлтанда лифтіде маска тақпаған келіншекті екі әйел жабылып ұрған (ВИДЕО)

Екі жақ та бір-біріне шағымданып, полицияға арыз түсірді...

Нұр-Сұлтанда лифтіде маска тақпаған келіншекті екі әйел жабылып ұрған (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үй лифтісі ішінде маска тақпау себебінен әйелдер арасында төбелес шыққан, деп хабарлады paryz.kz

"2021 жылдың 18 ақпаны күні лифтіде екі бөгде әйел маған жабылды. Себеп - маска тақпағаным үшін. Мен масканы алып тақпақ болдым, сонда да олар маған тап берді. Екі әйел менің бетімнен ұрып, шашымды жұлып және мені балағаттады. Қатты ұрғандары соншалық, мен есімнен тана бастадым. Олар болса, ұрып-соғуын жалғастыра берді. Болмаған соң мен айғайлап, көмек шақырдым, даусымды естіген көршілер көмекке келді. Екі әйел сол сәтте мені босата қойып, көршілердің көзінше мені нашақор және басқа да ауыр сөздер айтып, кінәлап, өздері үйлеріне кіріп кетті", - деп жазды елорда тұрғыны Дилара Омарбекова өзінің Instagram парақшасында. 

Оқиғаға қатысты қалалық Полиция департаменті түсінік берді. 

"Елордалық полиция қызметкерлері бір-бірімен жағаласқан тұрғындарды анықтады. Екі жақ та бір-біріне шағымданып, полицияға арыз түсірді. Кикілжің тұрғын үй лифтісінде маска тақпау салдарынан туындаған. 23 жастағы елорда тұрғынына лифт ішінде маска тағу керектігін ескерткен, оның соңы екіжақты төбелеске айналды. Айыптылар сот-медициналық сараптама нәтижесі шыққан соң заң аясында жауапқа тартылатын болады", - делінген Полиция департаментінің хабарламасында.