"Пышақпен қорқытты...": қарақшылар темекіге бола дүкен тонаған (ВИДЕО)

Жедел уәкілдер екі тәулік бойы өткізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 36 және 40 жастағы екі күдіктіні анықтап, ұстады.

Ақтау қаласында азық-түлік дүкеніне қарақшылық шабуыл жасаған екі күдікті ұсталды, деп хабарлады paryz.kz, polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Биыл 9 ақпанда сағат 23.15-те Ақтау қаласы ПБ Жедел басқару орталығының "102" пультіне 63 жастағы қала тұрғыны хабарласып, сағат 23.00-де белгісіз біреулердің "Адиля" дүкеніне баса-көктеп кіріп, пышақпен қорқытып, "Ричмонд" және "Парламент" маркалы 85 қорап темекі мен 80 мың теңге сомасындағы ақшаны тартып алып кеткені туралы шағымданған.

Жедел уәкілдер екі тәулік бойы өткізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 36 және 40 жастағы екі күдіктіні анықтап, ұстады. Ұсталғандардың тұрғылықты жері бойынша заттай айғақтар, атап айтқанда, "Ричмонд" және "Парламент" маркалы темекілер мен ақша алынды.

Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабымен ("Қарақшылық") қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер Ақтау қаласының ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда.