«Әкесі жоқ екенін айтып, тіл тигізген»: Шымкентте оқушы қыз суицид жасады

Шымкентте 11-сынып оқушысы суицид жасады. Қыз бала өз үйінде асылып қалған күйінде табылды, деп хабарлайды

«Әкесі жоқ екенін айтып, тіл тигізген»: Шымкентте оқушы қыз суицид жасады
Фото: видеодан скриншот

Otyrar.kz жазуынша, қайғылы оқиға 22 қаңтарда «Оңтүстік» ықшамауданында болған.

Жасөспірімнің өзіне қол жұмсау дерегіне қатысты қалалық білім басқармасы мен полиция департаменті пікір білдірді.

Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, марқұм үлгілі оқушы болған және сыныптастарымен жақсы қарым-қатынаста болған.

«2024 жылдың 22 қаңтарында сағат 18:30-да 11-сынып оқушысының үйінде өз-өзіне қол жұмсағаны (асылып өлгені) туралы хабарлама келіп түсті. Марқұм мектеп оқушысы сыныптастарымен жақсы қарым-қатынаста болған. Қайғылы жағдайға байланысты құзырлы органдардың өкілдері тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр», — делінген Шымкент қалалық білім басқармасының хабарламасында.

Аталған дерек Еңбекші аудандық ішкі істер бөліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бойынша тіркелді.

«Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген Шымкент қалалық ПД жедел ақпаратында.

Басылымның хабарлауынша, кейбір дереккөздер қызды қатарластары бірнеше рет қорлап, «әкесіз өскен» деп тіл тигізген.