Ақтаудағы балабақшада екі жасар бала ыстық суға күйіп қалған

Ақтаудағы балабақшада екі жасар бала ыстық суға күйіп қалды. 2 жас 3 айлық қыз бала денесінің 7 пайызын күйік шалған. Анасының айтуынша, бала 26 желтоқсанда балабақшада тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқанда жарақат алған, деп хабарлайды Paryz.kz  Inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап

Ақтаудағы балабақшада екі жасар бала ыстық суға күйіп қалған
Фото: tengrinews.kz

«Сағат 16:00-де «Bala Land» балабақшасының меңгерушісі хабарласып, балам жуынып жатқанда аздап күйіп қалғанын айтты. Сағат 18:00-де баланы алып кетуге келген жұбайым, оны көргенде шошып кетті. Арқасы күйіп, бөртіп көпіршіктенген, сол аяғы да күйген. Үйге сағат 19:00-де жеткен соң жағдайды бағамдап, жедел жәрдем шақырдық. Күйіктің бетін өңдегеннен кейін қызым балалар ауруханасына маманның қарауына жіберілді. Сол жерде травматолог пайда болған көпіршіктерді алып тастап, үйге жіберді. Ол екінші дәрежелі термиялық күйік туралы айтты. Осы жайттан кейін полицияға арыз жаздық, басшы да, қалғандары да жазаланады деп үміттенеміз. Олар балаға жедел жәрдем шақырмады, бірден ата-анаға хабарлап, ыңғайсыздық танытты», - деп жазды әйел әлеуметтік желіде.

Қалалық білім бөлімі бұл балабақшаның жекеменшік екенін хабарлады.

«Қазіргі таңда балабақша басшылығына тиісті шара қолдану жөнінде ескерту берілді. Директордың айтуынша, ұжыммен түсіндірме әңгіме жүргізілген. Сондай-ақ тиісті тәртіптік шара қолдану жұмыстары жүргізілуде», - делінген білім бөлімінің баспасөз қызметі берген мәліметте.