Шымкентте 1-сынып оқушысы мектепке кетіп, қайта оралмаған

Шымкентте жоғалған 6 жасар бала табылды, деп хабарлады Paryz.kz.

Шымкентте 1-сынып оқушысы мектепке кетіп, қайта оралмаған
Фото: Halyq Uni

Абай аудандық полиция басқармасының «102» арнасына 6 жастағы баланың жоғалғаны туралы хабарлама түсті. Анасының айтуынша, кішкентай ұлы әдеттегідей мектепке кетіп, үйіне қайта оралмаған. Уайымға салынған әйел мектептегі мұғаліміне хабарласып, сабақ аяқталған соң ұлының сыныптастарымен бірге қайтып кеткенін білген. Өз бетінше жүргізген іздеу жұмыстары нәтиже бермегендіктен, уақыт жоғалтпай, бірден полицияға хабарласқан.

Тәртіп сақшылары баланың ерекше белгілері туралы бағыттаманы жеке құрамға таратып, жедел іздестіру жұмыстарына кірісті. Жеткіншектің жүруі мүмкін ойын алаңдары, дүкендер, қуыс көшелер мен мектеп айналасы және сол маңдағы бейнекамералар тексерілді. Үш сағатқа созылған іздеу нәтижесінде учаскелік полицей баланы қала көшелерінің бірінде адасып жүрген жерінен тауып, аман-есен анасына тапсырды.

Ойын баласының қатарластарына еріп, үйіне қайтатын жолдан адасып кеткені белгілі болды. Өз кезегінде жергілікті әйел полицейлерге жедел әрі нәтижелі қызметі үшін алғыс білдірді.

Осыған байланысты, тәртіп сақшылары ата-аналарға қарапайым сақтық шараларын сақтауды ескертеді. Бастауыш сыныпта оқитын балаларды үйдегі ересек адам мектепке жеткізіп тастап, сабақ біткен соң алып кеткені дұрыс. Немесе балаға үнемі сабақтан соң бірден үйге қайтуды, көшеде бөтен адамдармен сөйлеспеуді, жолдан өткенде абай болуды ескертіп отырғаны жөн.