Атырау облысында екі адам мұз астына түсіп кетті

Атырау облысында полицейлер мұз астына түсіп кеткен әйел мен оған көмектеспек болған ер адамды құтқарды, – деп хабарлайды Paryz.kz. 

Атырау облысында екі адам мұз астына түсіп кетті
Фото: polisia.kz

Polisia.kz мәліметінше, 25 желтоқсан күні сағат 19:20 шамасында Құрманғазы ауданы Шарон өзені үстінде белгісіз әйел адам мұз ойылып, суға түсіп кеткені жөнінде аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне хабар берген. Аудандық полиция бөлімінен саптық жиыннан тарап келе жатқан полиция қызметкерлері тез арада оқиға орнына жетуге бағыттама алған.

Аталған хабарламаны естіген тәрбие және кадр бөлімшесінің инспекторы Роман Насихан да уақыт өткізбей жеке автокөлігімен оқиға орнына жеткен. Оқиға орнына бірінші жеткен ол автокөліктен арқан жіп алып мұз үстіне шыққан. Мұз үстіне шыққан кезде көмекке келген ер адамның да мұз ойығына түсіп кеткенін көрген. Сол сәтте көмекке патрульдік полиция бөлімінің қызметкерлері Артур Каримов, Нұрхат Зұлқаров, Әділбек Темірболат, Жандос Ибатуллаев, Амандық Айдыналиев және учаскелік полиция инспекторы Дархан Аманғалиев көмекке келіп, суға кеткен әйел адам мен оны құтқаруға оқталып өзі де ойылған мұз құрсауында қалған ер адамды құтқарып қалған.

Жұқа мұз үстіне бір уақытта 10-ға жуық адам шыққан сәтте мұз ойығы одан әрі үлкейген. Алайда адам өміріне араша болар сәтте аязды күнде мұзды суға қарамастан оқыс оқиғаға куә болып, бейжай қарамаған 1996 жылы туған азамат пен полиция қызметкерлері 1959 жылы туған әйел адамды жағаға шығарды.

Мұзды су астында болған әйел мен қатты суықтаған ер адамды жағадан шығарған кезде жедел-жәрдем қызметкерлерінің келуін күтпей, полиция қызметкері Роман Насихан жеке автокөлігімен және патрульдік полиция қызметкерлері аудандық ауруханаға уақытылы жеткізген.

Қазіргі таңда 64 жастағы әйел адам дәрігердің бақылауында.