Жамбыл облысында газ құбыры жарылып, мыңға жуық үй жылусыз қалды

Жамбыл облысында газ құбыры жарылып, 5 бірдей елді мекен жылусыз қалды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жамбыл облысында газ құбыры жарылып, мыңға жуық үй жылусыз қалды
Фото: qov.kz

Әкімдіктің мәліметінше, газ құбыры 12 желтоқсан күні түнде жарылған. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Қазіргі уақытта Жамбыл ауданы Гродеково ауылында орташа қысымды жерүсті газ құбыры жөнделіп, қалпына келтіріліп жатыр. Бұл жұмыстарға 2 жедел дәнекерлеу бригадасы, 4 арнайы техника мен 16 жұмысшы жұмылдырылды", - дейді әкімдік.

Ал бүгін таңғы 07:00-ге дейін құбырдың 8 жалғанған жерінің төртеуі қалпына келтірілген.

"Жылусыз қалған барлық 8 әлеуметтік нысан: 4 мектеп, 2 балабақша, 1 дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық пункт баламалы жылу көзіне қосылған, 500 литр қысқы дизель отыны бар", - дейді ведомство.

Мамандардың айтуынша, құбыр қысымды көтере алмаған. Әкімдіктің жауапты қызметкерлері 5 елді мекеннің: Гродеково, Қызылдихан, Жасөркен, Қызылқайнар, Полатқосшы ауылдарының халқынан түсіністік танытуларын сұрады.