Астана полициясы қамаудан қашып кеткен сотталушыны іздестіріп жатыр

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Астанада қамаудан тұтқынның қашып кеткенін хабарлады.

Астана полициясы қамаудан қашып кеткен сотталушыны іздестіріп жатыр
фото: Владимир Третьяков

Сотталушының қашып кеткені туралы ақпарат әлеуметтік желілерге көптеп тарап жатыр. Хабарламалардағы мәліметтер әртүрлі.

Байқоңыр ауданындағы ЕЦ 166/10 мекемесінен 1992 жылы туған сотталушы қолына кісен салынған күйі қашып кетті. Бүгін шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жою туралы сот отырысы өтіп, жеткізілгеннен кейін ол ЕЦ аумағынан қашып кетті. Біз жеке құрамға бағыт-бағдар беріп, шекара заставаларында жасақ қойып жатырмыз, - делінген WhatsApp хабарламасында.

Ал TikTok-тағы видео авторы екі қашқын болғанын айтады. Сондықтан Tengrinews.kz редакциясы Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне хабарласқан. Олар тұтқынның қашып кеткенін растады.

Сот қаулысымен шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күші жойылған адам тергеу изоляторына жеткізілген кезде полиция қызметкерлерінен қашып кеткен. Қазір жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады ҚАЖК өкілдері.