«Анасы білген»: Түркістан облысында жасөспірім қызды өгей әкесі үш жыл бойы зорлап келген

Түркістан облысында 14 жастағы қыз өгей әкесінің үш жыл бойы зорлап келгенін мәлімдеді. Жасөспірімнің айтуынша, алғаш рет 11 жасында зорлық көрген, деп хабарлайды Paryz.kz.

«Анасы білген»: Түркістан облысында жасөспірім қызды өгей әкесі үш жыл бойы зорлап келген
Фото: Azattyq Ruhy

Оtyrar.kz жазуынша, 49 жастағы ер адам қыз баланы үш жыл бойы зорлап келген және интимдік фотолар мен видеоға түсіріп, қорқытып келген.

«Егер айтқанын істемесем, түсіріп алған фотолар мен бейнежазбаларды интернетке жіберетінін айтатын. Ол аздай, менің сіңлілеріме де тиесе бастайтынын, оларға да көзі түсіп жүргенін айтатын», - дейді қыз.

Кезекті зорлық әрекетінен кейін жасөспірім жұмыс істеу үшін шетелге кеткен әкесіне телефон соғыпты. Содан кейін артынша қыздың туыстары оны алып кеткен, сол кезде ол үш жыл бойы көріп келген сұмдығын айтып беріпті. Жасөспірімнің туыстарының айтуынша, болған оқиғадан анасы хабардар болған көрінеді. Бірақ ол полицияға арыз жазудан да бас тартыпты.

«Небәрі 12 жастағы қызға аптасына үш реттен зорлық көрсетіп келген, сұмдық қой, ол адам емес,  құбыжық, педофил. Қыз анасының бәрінен хабардар екенін айтты, яғни анасы үш жыл бойы біліп келген», - дейді қыздың туысы Сайора Әлімбекова.

Бұл ретте жасөспірімнің туыстары отбасында тағы төрт бала бар екенін, оның үшеуі қыз балалар екенін айтады. Отбасы полицияға арызданған. Ер адам қамауға алынды.

«Аталған факт бойынша полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы «Зорлау» бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Күдікті ретінде Төлеби ауданының тұрғыны анықталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды. Тергеу жүріп жатыр, тиісті сараптамалар тағайындалды», - деді Түркістан облысы ПД Тергеу басқармасының аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі Ақерке Шалхарова.

Қыз баланың туыстары тергеудің ашықтығына үміт етеді және күдікті ер адам қатаң жазаланса дейді. Егер оның кінәсі дәлелденсе, 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.