Түркістан облысында мектеп оқушылары жаппай төбелес шығарды

Түркістан облысында мектеп оқушылары футболдан кейін жаппай төбелес шығарды, - деп хабарлайды Paryz.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. 

Түркістан облысында мектеп оқушылары жаппай төбелес шығарды
Фото: видеодан скриншот

Оқиғаны куәгерлер видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге таратқан. Кадрларда бір топ жасөспірімнің басқа топ балаға қарай жүгіріп келе жатқаны, сосын олар төбелескенін байқауға болады. Видеодағы дауысқа қарағанда төбелескен бір топтың ГАЗ-53 жүк көлігімен келгені айтылады. Сипаттамада төбелестің 11 маусым күні Қазығұрт ауылында болғаны айтылған.

"Менің түсінуімше, төрт адам зардап шекті. Олардың бірінің жағдайы ауыр. Полиция бізде мүлдем жұмыс істемейді", - делінген жазбада.

Осыған байланысты Tengrinews.kz редакциясы ақпарат алу үшін облыстық полиция департаментіне жүгінді. Ведомствоның баспасөз қызметі бірнеше минут ішінде жедел түрде жауап берді. Бейнежазбадағы әрекеттер Қазығұрт өңіріндегі ескі ипподромда болғанын мәлімдеді.

"Бейнежазбадағы оқушылар арасындағы бұл оқиға өткен жексенбіде футбол ойнағаннан кейін болған. Тексеру кезінде ауруханаға ешкім бармаған және полицияға мұндай ақпарат түспеген. Сондай-ақ құқық қорғау қызметкерлері төбелес шығарған жасөспірімдерді видеоға түсіріп, сұрақтар қойылды", - деді облыстық полиция департаменті.