Алматыда үш бірдей тапаншамен қаруланған ер адам ұсталды

Ер адам әскери қызметшілерді көріп, қашып кетпек болған. Бірақ ойы сәтсіз аяқталды. Сарбаздар оны қолға түсірген. 

Алматыда үш бірдей тапаншамен қаруланған ер адам ұсталды
Фото: ашық дереккөз

Алматыда газ тапаншаларымен қаруланған ер адам ұсталды. Ол тәртіп сақшыларынан жасырынбақ болған, деп хабарлады Polisia.kz.

Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, Алматы тұрғыны 11 қарашада кешке қарай ұсталған. Медеу ауданы көшелерінің бірінде қолында тапаншаға ұқсайтын зат тұрған адамды байқап қалған қалалықтар Жедел басқару орталығына жүгінді. Қала көшелерін күзетіп жүрген Ұлттық ұлан сарбаздары тұрғындар хабарлаған жерге дереу келіп жетті. Ер адам әскери қызметшілерді көріп, қашып кетпек болған. Бірақ ойы сәтсіз аяқталды. Сарбаздар оны қолға түсірген. 

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері ұсталған адамнан куәгерлердің көз алдында екі газ тапаншасы мен нөмірі өшірілген бір белгі тапаншасын тәркілеп алды.