Көкшетауда кафеде ұйықтап қалған ер адамды оятқан қызметкер соққыға жығылды

Көкшетауда кафеге келген ер адам мекеме қызметкерін беті мен ішінен ұрып жіберген, деп хабарлайды Paryz.kz, Nur.kz-ке сілтеме жасап. 

Көкшетауда кафеде ұйықтап қалған ер адамды оятқан қызметкер соққыға жығылды
Сурет: ашық дереккөз

Ведомствоның мәліметінше, 1 маусым күні Көкшетау қаласының полиция басқармасына ойын-сауық мекемелерінің бірінің әкімшісінен арыз түскен.

Оның сөзінше, түнгі сағат 03.00 шамасында клиенттердің бірі кафе қызметкерін ұрып, содан кейін оқиға орнынан кетіп қалған. Күдіктінің жеке басы анықталды. Ол Көкшетау қаласының 25 жастағы тұрғыны болып шықты. Тәртіп сақшылары жас жігіттің көп уақыт өтпей қолға түскенін хабарлады. Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігі "Бұзақылық" бойынша тіркелген. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды.

"Белгілі болғандай, ер адам алкогольдік сусынға мас болып мекемеде ұйықтап қалған. Оны кафе қызметкері оятып, нысаннан шығарғысы келген уақытта жас жігіт қызметкерге шабуыл жасаған", - деп толықтырды Ақмола облысының полиция департаменті.