Ауылдағы мектеп аумағындағы пештің қазандығы жарылды

Түркістан облысында мектептердің бірінде қазандық жарылып, бір адам көз жұмды деп хабарлайды Paryz.kz, Turkystan.kz-ке сілтеме жасап. 

Ауылдағы мектеп аумағындағы пештің қазандығы жарылды
Сурет: Turkystan.kz

Оқиға 15 ақпан таңғы сағат 08.24-те Сайрам ауданы, Қайнар Бұлақ ауылындағы Ошақты елді мекенінде болған. Т.Рысқұлов көшесінде орналасқан шағын жинақты орта мектеп аумағындағы көмірмен жағылатын пештің қазандығы жарылған.

Аудандық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мұхан Баймбетовтың айтуынша, оқиға орнында 1963 жылы туған от жағушы қаза тапқан. Сондай-ақ, ғимараттың 20 шаршы метр шатыры мен қабырғаларына зақым келген.

«Оқиға орнына облыстық департаменттің 7 қызметкері мен арнайы 2 техникасы және полиция департаментінің 8 қызметкері жұмылдырылды. Қазір жарылыстың салдары мен материалдық шығын мөлшері анықталуда», – деді Мұхан Баймбетов.