Алматылық қылмыскер есірткіні Нұр-Сұлтанға тасымалдап, сатпақшы болды

Қазақстан мен Ресейдің ІІМ есірткіні бақылау жөніндегі қызметтерінің өзара іс-қимыл жасасуы нәтижесінде Алматы облысында жаңа буындағы психобелсенді зат – мефедронды өткізу арнасының жолы кесілді, деп хабарлайды Paryz.kz, Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алматылық қылмыскер есірткіні Нұр-Сұлтанға тасымалдап, сатпақшы болды
Сурет: Хабар 24

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі департаменттің қызметкерлері мен Алматы облысының ЕҚҚІБ қызметкерлері Қарасай ауданының Жетісу ауылында 20 жастағы жас жігітті ұстап, одан 2,5 кг синтетика тәркіледі.

Есірткі аузы жабық 5 полиэтилен пакетке буып-түйіліп, сұр түсті құрылыста қолданылатын қапқа салынған. Аталған партияны ол кейіннен Нұр-Сұлтан қаласына тасымалдап, есірткіні саудалауды жоспарлағаны, ол үшін есірткіні барынша ыңғайлы жерге қайта жасыруы қажет болғандығы анықталды. Қылмыстық Кодекстің 297-бабы «Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сақтау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Енді ұсталған адам мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін түрмеге тоғытылуы мүмкін. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев түсіндіргендей, қазіргі уақытта іске қатысы бар тұлғалар, сондай-ақ есірткі жеткізу арналары анықталуда.