Нұр-Сұлтан соты Денсаулық сақтау министрінің үстінен түскен арызды қарастырды

«Ақтөбе БелАсу» ЖШС Алексей Цойды әрекетсіздік танытты деп айыптап отыр.

Нұр-Сұлтан соты Денсаулық сақтау министрінің үстінен түскен арызды қарастырды
Фото: islamnews.ru

Нұр-Сұлтанның мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға қатысты талап-арызды қарады. Бұл туралы paryz.kz Елорда қалалық сотының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлады. 

Арызданушы тарап - "Ақтөбе БелАсу" ЖШС Алексей Цойды әрекетсіздік танытты деп айыптап отыр.

"Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 8 қазандағы шешімімен "Ақтөбе Беласу" ЖШС-нің "Nephrolife Aktobe" ЖШС берген медициналық қызметпен айналысуға арналған лицензиясын тоқтату туралы өтінішіне Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі А.В. Цойдың әрекетсіздік танытуына қатысты арыз-талабын қанағаттандырудан бас тартты", - делінген хабарламада.

Сот органының хабарлауынша, талап-арыз беруші тарап министрді "Nephrolife Aktobe" ЖШС-нің медициналық қызметпен айналысуға арналған лицензиясының күшін жоюға қатысты өтінішін қарау және қанағаттандыру бойынша шаралар қолданбағанына шағымданған.

Арызданушы тарап осылайша министр "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" заңды бұзды деген пікірде.

Сот заңды тұлға өтінішінің қаралу тәртібін тексерді. Өтініш қолданыстағы бұйрыққа сәйкес, қадағалаушы вице-министр Бюрабековаға табысталғаны анықталған. Өтініш берушіге оның сұрағы бойынша министрліктің жауабы биылғы 28 маусымда берілген екен.

"ЖШС лицензиясының қолданылуын тоқтату министрдің құзыретіне кірмейді. Осылайша, сот оның тарапынан ешқандай әрекетсіздік анықтаған жоқ", - делінген қалалық соттың сайтында.

Сот анықтағандай, лицензияны кері қайтарып алу туралы шешім Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының құзыретіне жатады. Министр өтініш берушінің шағымын қарау бойынша өзіне жүктелген міндеттердің орындалғанын растады. Бұл арыз-талапты қанағаттандырудан бас тартуға негіз болды.

Сот шешімі әлі заңды күшіне енбеген.