Ақтөбеде пойыз кранмен соқтығысты (ВИДЕО)

Жолаушылар пойызы 17 минуттық кідірістен кейін қайта жолға шықты.

Ақтөбеде пойыз кранмен соқтығысты (ВИДЕО)
фото: ашық дереккөз

Ақтөбе облысында жүк пойызына тиелген кранның жебесі қарсы жолмен келе жатқан Тальгоның ондаған вагонына зақым келтірді деп хабарлайды Paryz.kz

Ресми мәліметке сәйкес, 9 қыркүйекте Ақтөбе жол бөлімшесінің Шоқысу стансасында жүк пойызының 26-вагонына тиелген кран жебесінің конструкциясы қозғалып кетіп, көрші жолдағы жолаушылар пойызының локомотиві мен вагондарын сырып өткен.

Атап айтқанда №77 "Алматы-2 – Маңғыстау" жолаушылар пойызының локомотиві (шанағы, буферлік шамы сырылған) мен 13 вагонға зақым келген. Соның ішінде 2 вагонда терезелер сынған, 2 вагонда тұтқалар жұлынған, - дейді компания мамандары.

Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Жолаушылар пойызы 17 минуттық кідірістен кейін қайта жолға шықты. Қазіргі кезде тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.