Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Ақтаулық тұрғын екі бөлмелі пәтерінде күркетауық бағып отыр

Жағымсыз иістен бөлек, пәтерлерде тышқан мен тарақан қаптап кеткен. Зиянкестер тауық қорадан шығып жатыр деседі тұрғындар...

Ақтаулық тұрғын екі бөлмелі пәтерінде күркетауық бағып отыр
фото: ашық дереккөз

Ақтаулық тұрғын екі бөлмелі пәтерін тауық қораға айналдырған. Аядай бөлмеде құс өсіретін азамат көршілердің шағымына пысқырмаған. Тұрғындар үйімізде тұншығып отырмыз дейді, деп хабарлады paryz.kz, КТК телеарнасына сілтеме жасап.

"Жаман иіс шығады. Біз олай тұра алмаймыз. Оның бәрі улы ғой. Қаншама рет айттық, телефон соқтық, жауап бермейді", - дейді қала тұрғыны Мария Ким.

Тұрғындар күркетауық бағатын көршісіне көпқабатты тұрғын үйде құс асырауға болмайтынын айтып, бірнеше рет ескерту жасаған. Құзырлы орындарға да шағымданған. Бірақ екі бөлмелі пәтерінде құс өсіретін 62 жастағы әжей көршілеріне құлақ аспайтын көрінеді. Жағымсыз иістен бөлек, пәтерлерде тышқан мен тарақан қаптап кеткен. Зиянкестер тауық қорадан шығып жатыр деседі тұрғындар.

Шыдамы таусылғандар полицей шақырған. Бірақ тауық өсіруші тұрғын тәртіп сақшыларына есік ашпай қойды.

Тағы оқи отырыңыз: Карантин: қала тұрғыны пәтерінде үш қоңыр қаз асырап отыр (ВИДЕО)

"№68 пәтер тұрғындарының айтуына қарағанда, ол үйде тауық асырап отыр. Бұл үйдің ішінен жағымсыз иіс шығатыны ауызша шағымда көрсетілген. Учаскелік инспектор шағымын қабылдап, хабарлама арқылы Ақтау қаласының әкімдігіне және СЭС-ке жолдады", - деді Ақтау қалалық полиция басқармасы бөлім бастығының орынбасары Еркін Елеусізов.