Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Бұрынғы "зың" әкімге "кітапхананың" берген сенім кредиті таусылмапты

Талай мәдени іс-шараларды атқарған. Велосипед тебуді біледі. Тапаншамен нысана көздеуден де аздап тәжірибесі бар...

Бұрынғы "зың" әкімге "кітапхананың" берген сенім кредиті таусылмапты
фото: ашық дереккөз

Осыдан бір жарым жыл бұрын Шымкент қаласының әкімі қызметінен масқара жағдайда кеткен, сонымен карьерасы бітіп, биліктің берген "сенім кредиті таусылған" Ғабидолла Әбдірахымов Мәдениет және спорт вице-министрі лаузымына тағайындалған болатын, деп хабарлады oinet.kz.

Несі бар, бұған дейін премьер-министрдің кеңесшісі лауазымын атқарған Әбдірахымов -  мәдениеттен де, спорттан да бір кісідей хабары бар азамат. Талай мәдени іс-шараларды атқарған. Велосипед тебуді біледі. Тапаншамен нысана көздеуден де аздап тәжірибесі бар. Әрбір сөзі "хит" болып кететін шенеунікке мәдениет дегеніңіз мәселе болып па?

Вице-министрлік қызметке тағайындалғанның ертеңіне Әбдірахымовты Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ұжымымен таныстырды. Осы жерде Әбдірахымовтың туризм саласына жетекшілік ететіні мәлім болды. Оның бұл саланы да шырқ үйіріп кететініне күмән жоқ. Онсыз да Шымкентті Нью-Йорк, Париж, Лондонның тәжірибесі бойынша дамытқаны белгілі. Бұған үшінші мегаполисті Лас-Вегасқа айналдыруға сәл қалғанын қосыңыз. Шымкент қаласының әкімі қызметінен кетер кезде Лондоннан: "Қазақстанда жұмыс істеп, шетелде демалыңыздар" деп ұсыныс айтқаны да ел есінде. 

Туризмді қолға алған Әбдірахымов енді Қазақстанды әлемге танытып, дүниежүзі туристері ағылатын Лас-Вегас сынды туристік қалаларды арттырады деп сенеміз. 

Әбдірахымовтың кезінде қонақтардың Шымкентті жақсы көргені соншалықты, кетер кезінде көздеріне жас алғаны әлі ұмытылған жоқ. Сондықтан туризм саласы Әбдірахымов үшін нағыз іздегенге сұраған сала деп айтуға әбден болады. Ғабидолла Әбдірахымов 2018 жылдың шілдесінде Шымкент қаласының әкімі қызметінен ойда-жоқта босатылды. Жаңа әкім Ерлан Айтахановты таныстыруға Президент әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшірбаев келіп қатысты. Әбдірахымовтың өзі бұл жиында болған жоқ. Көшербаев Арысты қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, Түркістан қайта түлеп жатқан кезде, еліміз жаңа заманның жаңа қиындықтарымен бетпе-бет келіп отырған тұста Әбдірахманов әрекеттерінің билік тарапынан оң бағаланбағанын атап өтіп: 

"Бұл Мемлекет басшысының ұстанымына қайшы келді, жалпы биліктің абыройына нұқсан келтіреді. Қазіргі уақытта Әбдірахымовқа берілген саяси сенім кредитті таусылды",- деп, түйеден түскендей дүңк еткізген еді.

Тағы оқи отырыңыз: Шымкенттің бұрынғы "зың" әкімі министрдің орынбасары болды

Алайда билікке Әбдірахымовтың нақты қай әрекеті ұнамағаны сол күйі жұмбақ болып қалды. Сарапшылардың бірі бұған "зың әкімнің" Лондоннан әлеуметтік желі арқылы жолдаған сәлемінің себеп болғанын айтты. Енді бірі Әбдірахымовтың Ақордадағы ойындардың құрбаны болғанын алға тартты. Алайда Әбдірахымовқа "кітапхананың" берген кредиті таусылмаған екен. Кейбіреулер "зың әкімнің" билікке оралуына Бауыржан Байбектің ықпал еткенін айтып жатыр. Кім біледі, бірақ қалай болса да Әбдірахымов вице-министрдің лауазымында ұзақ отырмауы мүмкін. Ол бұдан да жоғары қызметтерге баруы әбден ықтимал.